Қоғамдағы өзекті мәселенің астарына үңіліп оларды шешу ісінде үкіметтік емес ұйымдардың көмегі көлдей. Өз кезегінде бұл ұйымдар өз қызметтерін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асыратыны белгілі. Осы мақсатта Жамбыл облысында мемлекеттік әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттырып, оларға бөлінген қаржы көлемі екі аса арттырылып, оларды мақсатты пайдалану ісіне басымдық берілуде, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Биыл өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 890 миллион теңге қаржы қарастырылып, оған 198 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланған. Әлеуметтік тапсырыс жобаларының нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында бұл секторды қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 74,6 миллион теңгеге дейін артты. Іске асырылуы жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемінің 79,4 пайызы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер және халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан бөлінген. Өйткені бұл басқарма өңірдегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, инватакси қызметін ұйымдастыру, пробация қызметтерін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырады.
Бүгінде өңірдегі мүдделі мемлекеттік мекемелермен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобалар санын қысқартып, мейлінше бәсекеге қабілетті жобаларды сапалы іске асыруға басымдық беріліп отыр.
Биыл жобалардың қатары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, мекемелер жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етуде «Жамбыл - адалдық алаңы» жобасы тізілімге қосылды. Жобаны іске асыруға 7 миллион 400 мың теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, қоғамдағы ең өзекті мәселе саналатын көп балалы аналарды қолдаудың әлеуметтік жобасы да қолға алынбақ. Көп балалы аналарды қолдауды мақсат еткен жоба «Қосымша кәсіпке үйрету арқылы халықтың осал топтарын қолдау» деп аталады. Жоба барысында 70 әйелді кәсіпкерлік дағдыларына баулып, олардың кем дегенде 20-сын тұрақты жұмысқа орналастыру межеленіп отыр.
Ағымдағы жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 48 бюджеттік бағдарламадан қаржы қарастырылған. Мұнда облыс әкімдігіне қарасты 9 басқарма және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 32 бөлім, 7 халықты жұмыспен қамту орталығы бар.
Пікір қалдыру