Жамбыл облысында ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын кеңінен насихаттау шаралары қолға алынған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жолдаудан туындайтын міндеттерді және Жолдау аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізу үшін ақпараттық-насихаттық жұмыстар жоспарға сай қолға алынып келеді. Облыста 99 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ құрамы мен олардың Тараз қаласы мен аудан, ауыл тұрғындарымен кездесу кестелері бекітілді.
Құрамында 10 адамнан тұратын сарапшылар, депутаттар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар облыстық мобильдік топ аудандарды аралап, елді мекендерде 200-ге жуық кездесу өткізді. Бұл шараларға 30 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы Жамбылда Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында 500-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 80 мыңнан астам адам қамтылды.
Жергілікті жердегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезінде 2100 дана әдістемелік құрал таратылды. Бір ғана Тараз қаласының өзінде 13 дана билборд, 5 дана пилон, 1 арка орнатылған. Ал аудан тұрғындары арасында Жолдаудан туындаған міндеттерді насихаттауда 70 билборд орнатылды.
Сонымен қатар Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу бойынша барлығы 83 сыртқы көрнекі ақпарат құралдары орналастырылды. Стратегиялық мәні зор құжатты насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігі пайдаға асуда. Жолдау жарияланған сәттен бұқаралық ақпарат құралдарында 238 ақпараттық материал жарық көрді. 7 материал республикалық ақпарат құралдары арқылы жарияланып, ондағы Президент пәрменімен облыстағы орын алған оң өзгерістер мен толайым табыстар жайы сөз болды.
Ақпараттық насихат жұмыстары заманауи сипат алып, көпшіліктің сұранысына сай инфографикалар мен қысқа бейнеороликтерді әзірлеу ісіне басымдық беріліп келеді.
Мемлекет басшысының Жолдауы қашанда халықтың ыстық ықыласына ие болып келеді. Өйткені бұл стратегиялық құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірін мейлінше жақсарта түсудегі нақты шаралар қаралады. Өз кезегінде Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асырудың барысынан хабардар болып отыру да халықтың көңілінен шығатындығы даусыз.
Пікір қалдыру