Мемлекеттік рәмізді қорлаған шетелдік сайт Қазақстан аумағында жабылуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708190312764_small.jpg

Жақында  ресейлік интернет-басылым - Life News  әлеуметтік желідегі өзінің ресми парақшасында «Украина Президентінің  «Борат» фильміндегі әнді Қазақстанның «гимні» деп орындатып қойған 10 минуттық видеоны» жариялаған болатын.  Бұл туралы «Қамшы» порталы қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтың «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.  Қоғам қайраткерінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесі қазақстандық БАҚ-та жарияланған.  Онда Мұрат Абдуламитұлы – ҚР Рәмізін мазақ қылған видеоға ҚР азаматы ретінде бейжай қарамайтынын және бұл видеоны таратушы арнаның көрсетілімдерін Қазақстан аумағында жабу керектігін айтқан. Сондай-ақ, мәлімдемеде  аталмыш провакациялық видеоға біздің құзырлы органдар ләм-мим деп үн қатпағандығы айтылған.

 «Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мына видео менің намысыма тиеді. Ресейлік интернет-басылым Life News өздерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында Украина президенті Петр Порошенконың Қазақстан Республикасы «гимнінің» орнына «Борат» фильміндегі Қазақстанды мазақ қылған мағынасыз әнді орындап тұрғаны бейнеленген видеоны жариялаған. Ал ҚР Конституциясына сәйкес, Life News арнасы Қазақстан территориясындағы арналары жабылуы тиіс. Сот сараптамасына дейін біз Қазақстанды мазақ қылған видеоны парақшадан өшіруді талап ете аламыз. Олар аталмыш видеоны өшіріп, бізден кешірім сұрауы тиіс. Біз бұған құқылымыз. Мені таңқалдыратыны біздің Баспрокуратура мұндай мағынадағы дүниелерге былқ етпейді де. Қандай да бір реакция болу керек қой»,-дейді Мұрат Әбенов мырза.

Сондай-ақ, біздің шенеуніктер де жауапқа татылуы тиіс, - дейді қоғам қайраткері. Оның пікірінше, біздің шенеуніктер Қазақстан территориясы аумағында таратылатын барлық электрондық БАҚ-ты бақылауда ұстауға тиіс.

«Біз бұл заңдарды тек өзіміздің БАҚ-ты жазалау үшін ғана қабылдамаймыз ғой. Әлде, әдеттегідей құдайы көршіміздің бассыздығына үндемей, доспыз деп қоя саламыз ба?! Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде менің елімнің ұжданын қорғауды талап етемін. Егер керек болса, ресми қудалауға дейін дайынмын, бұл істі»,-дейді Мұрат Әбенов.

Рас. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері осымен бірінші рет қорланып отырған жоқ. Білдей бір олимпиадаларда атасы құрығыр «Бораттың әнін» ҚР Әнұраны ретінде қолданды, қасиетті көк туымызбен қоқысты тасып, күресін жаптық, іш киім етіп бұтқа орадық. Иә,  Мемлекеттік рәмізімізді қорлағандардың ешқайсысы да тиісті жазаларын алған жоқ. Ал керісінше, патриотизмнің үлгісін көрсетіп, көк туымызды көкке көтеріп, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің жеңісінен кейін балконға іліп қойған жігітке аямай келіп айыппұл саламыз-ау.

Ал өзге мемлекеттің білдей бір телеарнасы – Қазақстанның әнұранын ашықтан-ашық мазақтаса да біздің Бас прокуратура былқ етпейді. 

Нұзат Тоғжан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар