Премьер-Минитрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев кешкілік облыстық балалар ауруханасында ақ халатты абзал жандармен кездесті. Басқосу барысында еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасап, міндетті медициналық сақтандыру бастамасына қатысты атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Сондай-ақ министр міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасын бұқараға түсіндіруде Жамбыл облысы алдыңғы қатарда келе жатқанын жеткізіп, өңірдегі жұмысқа оң бағасын берді. Баяндама тыңдалғаннан кейін жиынға қатысушылар министрге міндетті медициналық сақтандыруға қатысты бірқатар сауалдарын қойды. Елжан Амантайұлы барлық сауалдарға тұщымды жауап беріп, аймақ дәрігеплерін бұл бағытта жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Кездесуді қорытындылаған Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын айтып, алайда әлеуметтік желілерде дәрігерлер тарапына бағытталған сындарға аймақтың ақ халатты абзал жандары дер кезінде жауап бермейтіндігіне қынжылыс білдірді. Сол себепті Премьер-Министрдің орынбасары дәрігерлерге сын мен мін тағылып жатса, бұл тұтас ел медицинасына айтылған дүние деп қабылдап, жұдырықша жұмылу қажеттігін тапсырды.
Пікір қалдыру