Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген болатын. Бүгінде елімізде туған жері мен ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келеді.
Жуырда Байзақ ауданы А. Суханбаев ауылдық округіне қарасты Көкөзек елдімекенінде Жасұзақ Асланбек атындағы спорт кешені пайдалануға беріліп, ел игілігіне ұсынылды. Аталмыш спорт кешенін ұлының құрметіне арнаған жеке кәсіпкер Асылбек Жантаев екінші нысан «Жантай ата» мешітін күрделі жөндеуден өткізуге атсалысып, ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленді. Қос бірдей нысанның салтанатты ашылу рәсіміне келген қонақтар кешеннің спорттың дамуына серпін береріне, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығы болатынына сенімдерін білдірді.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз сөйлеп, кәсіпкерге халықты спортқа тартып жатқанына зор алғысын білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімінің атынан Грамота табыс етті.
Бұдан соң игі тілектер жалғасын тауып, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жасұзақ Момбеков, еңбек ардагерлері сөз алып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін білдірді. Ал, Жамбыл облыстық "Һибатулла-Тарази" мешітінің өкіл имамы Қанат Әділханұлы мешітті қайта күрделі жөндеуден өткізіп, жамағаттың еркін құлшылық етуіне қолайлы жағдай жасап берген сауапты ісі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілдігі атынан облыстың бас имамның Алғыс хатын табыс етті.
Жаңа нысан алдындағы керілген лентаны еліміздің мақтанышы, самбо күресінен Әлем чемпионы Алмас Мұсабеков пен №1 олимпиадалық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы, қазақ күресінің түйе палуаны атанған Салкен Жартыбаев қиды. Спорт кешені мен мешіттің ашылу құрметіне арнайы ас беріліп, қасиетті Құранның сүрелері оқылды.
Бұдан соң Жасұзақ Асланбек атындағы спорт кешенінің ашылуына арналған спорттық жарыстарға кезек берілді. Онда шағын футбол, қазақ күресі, армрестлинг, волейбол түрлерінен көршілес аудандар мен өз ауданымыздың ауылдық округтерінен келген спортшылар күш сынасты. Нәтижесінде жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған марапаттарға ие болды. Түс ауа жарыстар соңы ұлттық ойынымыз көкпарға ұласты.
Пікір қалдыру