Қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнир өтті

/image/2019/11/20/crop-24_204_1433x2547_qaza-tapqan-dgauyngerlerdi-eske-alugha-arnalghan-turnir-otti.jpg

Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінде еліміздің тыныштығын қорғау жолында 2017 жылғы 17 ақпанда жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының жауынгерлері қар көшкіні астында қалып, қаза тапқан болатын. Отан алдындағы борышын өтеу кезінде көз жұмған жауынгерлерді еске алу мақсатында аталған әскери бөлімде кіші футболдан турнир өтті.

Ауқымды шараға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Абай Жолдасов, аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, әскери қызметшілер мен қаза болған жауынгерлердің ата-аналары, жұбайлары мен ұл-қыздары қатысты.

Шара әскери бөлімдегі қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүлшоқтарын қою рәсімімен басталды. Бақытжан Ертайұлы, Нарбай Әбілқасымұлы, әрі қарай жауынгерлердің ата-аналары мен отбасы мүшелері гүлшоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осы арада Бақытжан Ертайұлы қаза тапқан жауынгерлердің рухына бағыштап, құран оқыды.

Ала доп аламанында бірінші болып ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасы мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығы басқармасының командасы, екінші 03811 әскери бөлімінің командасы мен ҚР ІІМ Жуалы аудандық полиция бөлімінің командасы, үшінші 91678 әскери бөлімінің командасы мен арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының командасы ойнады.

Тартысты турнир өз мәресіне жетіп, марапаттау рәсімі басталды. Алдымен, арнайы номинация жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік шабуылдаушы» аталымын ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының ойыншысы Болат Оспанбеков, «Үздік қақпашы» аталымын Әнуар Жүнісов, «Үздік ойыншы» номинациясын таулы егерлік ротасының командасының ойыншысы Бауыржан Сұлтанбеков иеленді.

Ал ойынның жүлделі орындарын, яғни бірінші орынды таулы егерлік ротасының командасы, ІІ орынды ҚР ҚМ кадр департаментінің командасы, ІІІ орынды 03811 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар