Түркістан облысында жантүршігерлік көлік апаты орын алды

/image/2019/11/24/turkistan-dgol-apaty.jpg

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 4 көлік соқтығысып, 15 адам жарақаттанды. Зардап шеккен 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр, – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға бүгін Қазығұрт ауданы аумағындағы трассада болған. Соқтығысқан 4 көлік бір бағытта бара жатқан. Жол апатынан кейін автокөліктердің бірінен өрт шыққан. Оқиға салдарынан 15 адам зардап шегіп, олардың 14-і Қазығұрт аудандық ауруханасына жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, жарақат алған 8 адамның жағдайлары ауыр күйде.

 "Олар тез арада жансақтау бөліміне жатқызылып, ота жасалуда. Көмекке санитарлық авиациямен бір топ нейрохирург шақыртылды. Шымкенттен жеткен мамандар науқастарға операция жасап жатыр. Тағы 3 адам аурухананың жарақат бөліміне жатқызылды. 4 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар үйлеріне қайтарылды", –  деп басқарманың баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева мәлімдеме жасады.

Оқиға орнына Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Далбеков барып, аудандық ауруханаға түскен зардап шеккендердің жағдайымен танысты.

"Бұл республикалық маңызы бар жол. Жол-көлік оқиғасы көктайғақ салдарынан болды. Сондықтан жүргізушілерге жол жүру ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау, маневр жасау ережелерін бұзбау, бір-біріне құрметпен қарау, жол бойында орналасқан жол белгілеріне назар аудару қажет екендігін ескертеміз", –  деді Далбеков.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар