"Өзбекәлі Жәнібек Түркістан туралы, Қ.А.Ясауй кесенесін қалай сақтау жөнінде сақтандыра жазады: «Қазір сол Әзірет-Сұлтанның айналасын көгертеміз деп арық қазып, су жіберіп жатыр. Бұл дұрыс емес". Бұл туралы ғалым Құлбек Ергөбек өзінің фейсбук парақшасында жазды.
–"Түркістанның су жаңа әкімі сөйлеп отыр. Ұққаным, Америкадан бір бай фирма келген-ау шамасы. Инвестор тарту – дұрыс-ақ. Іскерлік! Болсын! Бірақ, Түркістан әкімі Рәшит Аюповтың жеткізуі маған ұнамады. ЮНЕСКО бойынша қорғалатын, үш асыл жәдігерлігіміздің бірі, бірегейі – Қ.А.Ясауй мавзолейінің айналасына су жіберіп, өзен ағызбақ, бәлкім жасанды көл жасайтын шығар, әйтеуір сондай бірдеңе. Жастар қайықпен әлгі өзенде жүзсе керек, кесенені айна-л-ып... Пау, шіркін!
Айналайын, Рәшит-ау!
Түркістанға әкім болдың. Тағдырыңа ризашылық айт! Екі дүниеңе кетер қызмет бұл! Түркістанның перзенті көрінесің. Перзентше қызмет ет, Түркістаныңа! Қолыңды қағатын пенде баласы болмайды. Бірақ, Түркістанның арғы-бергі тарихын шұқынып оқып, қарасайшы, шырағым-ау. Бұрынғы өткен ойшылдар Түркістанды қалай сүйді екен? Жәдігер шаһарды қалай түлеткісі келді екен? Кейінгі ұрпаққа қалай жаңғыртып, тарихи сымбатын сақтай отырып жасартып қалдыруды ойлады екен?
Мысалға жүгінуге тура келеді. Бұрын-соңды Қазақстанда 40-шақты Мәдениет министрі болды, қарағым. «Әйелім орыс нәсілді болғандықтан ұлты «орыс» деп жаза сал»- (Ә.Қанапин) деген мансап үшін ұлтын сатқан министрді де, «Репетиция» мен «тренировканы» ажырата алмайтын (С.Әшляев) монды бас министрді де мына шыққыр көзіміз көрді. Сол 40-шақты министрден әлі күнге үш кісінің аты әлсіремей бүгінге жетті, ертеңге дін-аман кетіп бара жатыр. Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібек... Сол Өзбекәлі Жәнібек Түркістан туралы, Қ.А.Ясауй кесенесін қалай сақтау жөнінде сақтандыра жазады: «Қазір сол Әзірет-Сұлтанның айналасын көгертеміз деп арық қазып, су жіберіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Оның астында көп ғасырлық ескі қоныстар, мәдени қазба байлық бар. Қаншама өлік жатыр. Осындай білместіктің салдарынан онсыз да босап тұрған құрылыстың іргесін одан сайын үңгіп жатырмыз. Өзгелерді алайықшы. Анау Өзбекстандағы Регистанның қасында ағаш бар ма, жоқ. Болмаса Афиныдағы мазарларды (Акрополь), Римдегі — Колизейді, Париждегі — «Құдай – ана» соборын», тіпті сонау Оңтүстік Америкадағы жергілікті халықтардың жергілікті ескерткіштерін алыңыз, әлі де сол қалпында тұр ғой. Ал бізде басқасы оңып тұрғандай сол жерлерді көгерте қалайық дейді. Осынау өресіздікті тез арада тоқтатпайтын болса, біздің ұрпақтың кезінде олар тұрар, ал келер ұрпақ көрмеуі әбден мүмкін».
Міне, көрдің бе, әруағыңнан айналайын, Өзбекәлі Жәнібектің не дегенін? Бүгін біз мақтанышымызға айналдырып отырған МАВЗОЛЕЙ әуелі құдайдың, сосын Өзбекәлі Жәнібектің арқасында бүгінге аман жетті. Ертеңгі ұрпаққа аман жеткізе аламыз ба? Мавзолейдің айналасын өзенге айналдырам дегенің қай сасқаның? Өзекең алдындағы гүлзарды да тарихи ескерткішке зорлық, қиянат деп отыр ғой. Ал, Сен ескерткішті айналдыра өзен жіберсең, бір сәтте опырылып түспей ме, мавзолей? Егер, өзің мақтап отырған ЖОБАМЕН жұмыс істейтін болсаң, мен қате түсінген болмасам, Қ.А.Ясауй мавзолейін айнала өзен жасауға бейіл берсең, Түркістан халқы, Түркістан ғана емес-ау, күллі Түрік дүниесі саған сенімсіздік жариялауымыз әбден мүмкін! Бетке айтқанның зәрі жоқ. Тілектес адам ғана, білетін адам ғана бетіңе айтады! Ойлан!
Әкімдік қызметің құтты болсын! Бірақ, көзіңе қарап, ойланып кіріс, қандай іске де. Түркістан әкіміне ойшылдық жарасады... Он ойланып, бір рет шешім жасаған жарасады Түркістан әкіміне!"
Пікір қалдыру