Өткен түнде Алматы қаласы тұрғындары тосыннан келген сел апатының салдарынан үйлері мен дүниелерін тастап, қала сыртына шығып кеткені туралы ақпараттарды қазақстандық БАҚ жазды. Осыдан кейін-ақ, әлеуметтік желілерде селдің суреттері мен видеолары таралып кетті.
Ал Алматы құқық қорғау қызметкерлері қазір әлеуметтік желілерге таралған барлық суреттер мен видеоларды зерттеп жатыр,-деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Тіпті, желілерде таралған көпшілік жарияланымның жалған екенін Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ханым да растап отыр.
Алматы қалалық ІІД-нің сөзіне сүйенер болсақ, Алматы қаласының үш бірдей ауданын жалмаған табиғат апатының орнына әлеуметтік желілерде Ресейдегі селдің видеосын салып, жұртты дүрліктіргендер де болған екен. Қазіргі таңда ІІД өкілдері әлеуметтік желіде Алматыдағы жағдаймен байланыстырған адамды іздестіріп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілгендей, жалған ақпаратты таратқандарға 5000 АЕК көлемінде айыппұл немесе 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзен суының деңгейінің көтерілгендігі жайлы хабар түнгі сағат 03.00-де түсті.
Қазір, оқиға орнына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бердібек Сапарбаев мырза мен ҚР ІІМ орынбасары Владимир Божко келген.
«Қазселқорғаудың» ақпаратына сүйенсек, плотина жарылмаған, ал қаланы басып қалған суды шлюз арқылы ағызып жебіру жұмыстары жүргізілуде. Ал апатты аймақтан 900-ден астам адам қауіпсіз орындарға жеткізілген.
Ескере кететін тағы бір жайт, халыққа Алматы қаласында түңгі сағат 03:00 щамасында басталған сел туралы ақпаратты құзырлы органдардың ешбірі бермеген. Қазақстанның қаншама облыстарын су шайып, сел басып жатса да былқ етпейтін ТЖК басшысы Божко мырза бұл жолы да үнсіз. Өзінің орынтағына мықтап жайғасқан Божконың Алматыдағы апаттан кейін минкабинеті сақтала ма? Биылғы жылдың өзінде, Қазақстанның 5 облысын су шайып кеткенде Божко мырза не істеді? Алматыдағы сел апатынан кейін Божко мырза не істейді? Әншейінде, телефонға тыным бермейтін ТЖК СМС-лары сел тасқыны туралы неге үнсіз қалды?
Айтпақшы, осының алдында қала әкімі Ахметжан Есімовтың әлеуметтік желілердегі «Вертолетпен» апатты аймақтарды аралап жүргені туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ, мұның өзі нақты дәлелденбеген. Яғни, шынымен де әкім мырза апатты аймақтарды аралап жүр ме?
Нұрзат Тоғжан