Зеленский "шпаргалкамен" ұсталып қалды (видео)

/image/2019/12/10/crop-70_4_646x861_4025957_5728400.jpg

Әлем назары ауған "норманд төрттігінің" Парижде өткен кездесуінде бірқатар оғаш оқиғалар мен қызықты сәттер болды. Оны байқап қалған журналистер жарыса жазып жатыр. 

Мәселен, mk.ru сайтының жазуынша, төрттік мәжіліс залына кірген кезде Зеленский Путинге арналған креслоға қарай тура тартқан. Алайда "monsieur Poutine" деп жазылып тұрған креслоға Ресей президенті беттеген кезде ғана Зеленский өзінің қателескенін түсініп, басқа орынға жайғасты.

Зеленский орындыққа отырған бойда қолына бірден су алып, қас пен көздің арасында болған оқыс жайттан мінезін байқатып алды. Осы бір сәтте абдырап қалғаннан ба, Украина президенті журналистерге қарап суретке түсу керек екенін түсінбей қалды. Әсілі, бұл уақытта Зеленскийге Макрон мен Путинге қарауға нұсқау берілген еді.

Ол – ол ма, Владимир Зеленскийдің Париждегі саммитке деп дайындаған сөзі өзінің ана тілі – украин тілінде емес, орыс тілінде жазылғаны ресейлік журналистердің назарына ілігіп қалды. Украина президентінің "шпаргалкасын" Кремль пулының тілшісі Дмитрий Смирнов суретке түсіріп алған.

а

Айта кетейік, "норманд төрттігінің" кездесуіне Ресей, Украина, Франция және Германияның басшылары – Владимир Путин, Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон және Ангела Меркель бір үстел басында сөз жарыстырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – Украинаның оңтүстік шығысындағы дағдарыс мәселесін шешу-тұғын.

Бұл – Ресей және Украина президенттерінің алғашқы кездесуі. Бұған дейін олар тек телефон арқылы сөйлескен.

Қозыбай ҚҰРМАН

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар