Белгілі болғандай, мұндай шешім кезекті конгресте шығарылған. Оған әлемнің 27 елінен Қазақ күресі спортының өкілдері қатысқан. Жиының күн тәртібіндегі басты мәселе де федерация басшысын сайлау.
Нәтижесінде, отызға тарта мемлекет өкілінің бір ауыздан берген дауысымен аталған ұйым президенті болып Алик Шпекбаев тағайындалды. Ал федерацияның «Құрметті президенті» ретінде Досхан Жолжақсынов, бірінші вице-президенті ретінде Бәделхан Камалханұлы сайланды.
Осылайша, өзінің еңбек жолын ауылда қарапайым слесарь болып бастаған, соңғы уақыт еншісінде Қазақстандағы жемсауы жуан топпен күресіп келген А. Шпекбаев енді дүниежүзілік Қазақ күресіне басшылық етпекші.
Атап өтейік, Алик Шпекбаев 1987 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 1993 жылы РФ ІІМ Академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Өзінің еңбек жолын Алматы облысы бойынша Каменка ауылында слесарь болып бастаған. Қаскелең аудандық ІІБ Каменка ауылдық милиция бөлімінің бастығы, Алматы облысы бойынша ІІБ бастығы қызметтерін атқарған. 2003-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ішкі істер вице-министрі болды. 2014-2015 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2017 жылдан бері агенттіктің төрағасы болды.
Пікір қалдыру