Өткен түнде Алматы қаласының бірнеше аудандарында лай тасқыны жүріп, жұрт әбігерге салынғандығы жайында «Қамшы» порталы осыған дейін де жазған болатын. Түн ортасында баспаналарын тастап бас сауғалай кеткен халықтың жай күйімен «Қамшының» тілшісі танысып қайтты.

Әуелі тасқыннан зардап шеккен жұрттың жағдайын сұрап Наурызбай ауданына қарасты Таусамалы ықшамауданына (Каменка) бардық. Қала көшелерінде көлік түгілі жаяу аяқ алып жүре алмайтын кептеліс. Жұрттың басымкөпшілігі баспаналарын тастап, қауіпсіз аймаққа (қала сыртына, туыстарының үйіне т.б.) қашуда. Мұнда екі бірдей көшені арналай аққан лай суы бірнеше үй мен көлікті зақымдаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл аймаққа сел түнгі сағат 03:00 шамасында келген. Ал әкімшілік пен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері таңғы сағат 06:00 шамасында келген. Тұрғындардың айтуынша, сел апатының болатынын ешбір құзырлы органдар тарапынан ескертпеген. Қатты тасқын шуынан шоши оянған тұрғындар жан-жаққа бас сауғалай қашқан. Таусамалы ықшамауданы, Грозный көшесінің тұрғыны Людмила Григориевнаның айтуынша, жегрілікті әкімшіліктен арнайы адамдар келіп, жұрттың жағдайын сұрамаған. Тек таңға жуық, учаскелік полиция қызметкерлрі дабыл қағып, жұртты қала сыртына эвакуациялауды бастаған.

Людмила Григориевна, қала тұрғыны:
-Менің жасым алпыста. Мен зейнеткермін. Үйімнің ішін толықтай лай басып қалды. Өз жанымды әрең аман алып қалдым. Таңертеңгісін жергілікті Наурызбай аудандық әкімшілігіне барып көмек сұрап ем, олар маған ешқандай да зақымданған үйдің шығыны өтелмейтіндігін айтты. Олардың айтуынша, менің үйімнің қатты зақымданбаған екен. Күлкілі ғой мынау. Менің үйім 1965 жылы салынған. Ескі, қабырғалары шытынап кетті. Енді, әкімшілік ешқандай көмек көрсетпейміз деп отыр. Кімге барып, кімнен көмек сұрауым керек менің? Ей, сонда біз не үшін салық төлеп отырмыз. Біздің шығынымызды өтеп беруге міндетті емес пе олар? Үйімнің құжаттары бар, жыл сайын заңды салығымды төлеп келемін. Одан өзге барлық комуналдық жұмыстарға да уақытылы төлеп келемін.

Алмагүл Усманова, қала тұрғыны:
-Мен осы ауданның тұрғынымын. Біз түнгі сағат 03:00 шамасында қатты шудан ояндық. Есіктің алдымен шығу мүмкін болмай, үйдің артымен қаштық. Бізге ешкім ескертепді. Әдетте телефонмен келетін ескертпелер де жоқ. Ал құтқару қызметкерлері таңға жуық келді. Олардың өздері тек көшелерді ғана тазалап кетеді. Ал ауланы тазалау үшін қосымша ақша сұрап отыр.
Мұндағы жағдайдың ауанын білген соң, Қарағайлы және Шапай ауылдарына аттандық. Айтпақшы, бізді оқиға ошағына «Қазқұтқару қызметі» мамандары жеткізіп салды. Мұнда жағдай тым ауыр екен. Қатты сел адам бойынан асатын тастарды ауылдың ішіне ағызып әкелген. Тіпті, мұнда сел түнгі сағат 02:00 шамасында басталған. Тұрғындар сыртқа шығып үлгере алмай,үйлерінде қамалып қалған. Таңға жуық оқиға ошағына келген ТЖД қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығарған. Ал ауыл көшелерімен тасып жатқан лай суының арыны басылғанымен, әлі тоқтамаған. Мұнда, ҚР Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, «Қазқұтқару» батальоны, өрт сөндіру қызметі мамандары, ҚР шекара қызметі сарбаздары мен жедел жәрдем қызметкерлері құтқару және бұзылған үйлерді лайдан арашалау жұмыстарын жүргізуде. Тіпті, үйлердің ішіне дейін кірген лай суы тұрғындарды қатты үрейлендірген. Айтпақшы, Таусамалы шағынауданымен салыстырғанда мұнда жергілікті ауылдың әкімі белуардан лай кешіп, тұрғындардың арасында, көмек көрсетуде.
Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, тасқын жүрген ауылдың алағай да бұлағайлығын пайдаланып, бұзақылықпен айналысқандар да бар екен. Ауылдың бірнеше үйін тонап, дүкендер мен жеке үйлердегі тауарларды талан-таражы еткендер қашып кеткен. Ауылда сел әлі тоқтамаған. Мәселенің мән-жайын білмек болып, оқиға орнында қызмет етіп жүрген құтқарушыларды сөзге тартып едік, есімдерін айтудан бас тартты.

ТЖД қызметкерлері:
Шапай ауылының жоғарғы жағында орналасқан платина суы өзінің сыйымдылық мөлшерінен үш есеге асып кеткен. Бұған қоса күннің күрт жылынуынан таудағы мұздар еріп, су кемерінен тасып түскен. Су қоймасы бұзылмағанымен, сел дамбының бойынан асып тасып жатыр. Сонымсен қатар, су қоймасы шытынап кеткен. Ал қазір біз тасыған суды аулалардан шығарып, үйлерді тастардан тазалаудамыз. Біздің қолымыздан келетіні осы ғана. Ал ауыл тұрғындары қазірдің өзінде қаладан шығып, көшіп жатыр.
Иә, біз тасқыннан зардап шеккен ауылдарды аралап, мәселенің ауанын білуге аттанғанымызда, Алматы қаласының әкімі Ахметжан мырза: «тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеуге міндетті емеспіз, олардың құжаттары дұрыс емес», деп қаржы мәселесіне бас қатыруға көшіпті. Ал Ахметжан мырза оқиға ошағына барып, шапайлықтардың жағдайымен танысты мекен?
(Оқиға орнында түсірілген фотолар мен бейнежазбаларды сайттың өзге де материалдарынан көре алатын боласыздар)
Оқиға орынан Нұргелді Әбдіғаниұлы
, ,