Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің facebook-тағы парақшасында мемлекет басшысының биылғы 9 айда атқарған жұмысының қысқаша шолуын жариялады.
"Бүгін Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен сәттен бергі атқарған жұмысын қорытындылауға арналған брифинг өтті. Жиынға 100-ге жуық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты" деген Берік Уәли Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткенін атап өтті.
"Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, 249 қабылдау өткізді. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 елге сапармен барды. 9 халықаралық жиынға қатысты. Халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялары Елшілік ретінде қайта құрылды" деді ол.
Президент 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойған. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылды. Жалпы Президент биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрген. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.
"ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мен Президенттің Виртуалды қабылдауына азаматтардан 1 тамыздан бері 15 669 өтініш келіп түскен, оның 4025-і Президенттің Виртуалды қабылдауы арқылы қабылданған. Осылардың бәріне уақтылы әрі тиісті жауап берілді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын дәлелдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды бастамалар қолға алынғанын көрсетеді. Атап айтқанда, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларға /көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және т.б./ әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың, 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл жалпы алғанда 107 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды.
Қазақстан Президенті жалпы халықаралық сапарлары барысында шетелдік мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихатын өткізді. Оның отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Президенттік лауазымдағы қызметі, атқарып жатқан жұмыстары туралы жалпы 26 деректі фильм түсіріліп, олар республикалық телеарналарда көрсетілді.
Мемлекет басшысы Твиттер әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде /қазақ, орыс, ағылшын/ 862 твит жарияланды.
Сәуір айында ғана ашылған Қасым-Жомарт Кемелұлының инстаграм желісіндегі парақшасына миллионға жуық /955 мың/ жазылушы тіркелген. Бүгінге дейін 60 пост жарияланды" делінген президент баспасөз хатшысының жазбасында.
Пікір қалдыру