Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15, 16 қаңтарда бірқатар кадрларды өзгертті. Тоқаевтың кадрларды қызметінен босату туралы жарлығы мен тағайындау туралы өкімін Ақорда сайты хабарлады.
Алдымен 15 қаңтарда Тоқаевтың өкімімен Рашид Жақыпов ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Ақорданың жазуынша, Жақыповтың қызметінен босатылуына себеп – оның зейнет жасына толуы. Жақыповтың орнына ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне кімнің баратыны әлі хабарланған жоқ.
16 қаңтарда президент мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен оның орынбасары Әзімхан Жүсіповты қызметінен босатты. Тоқаев Садықұловты Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – "А" арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры етіп тағайындады. Ал оның орнына мемлекеттік күзет қызметінің бастығы етіп сегіз жыл ішкі істер министрі болып, 2019 жылдың наурызынан бастап президентінің көмекшісі – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін қоса атқарып келген Қалмұхамет Қасымовты қойды. Қасымов атқарған қос қызметке кімнің тағайындалғаны әлі жарияланған жоқ.
Пікір қалдыру