Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Армения мен Қырғызстаннан әкелінген рөлі оң жақтағы және ескіріп қалған көліктерден қалай құтылуға болатынын айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қожаевтың сөзінше, ондай көліктерден құтылудың бірнеше жолы бар.
– Қазіргі таңда заңмен бекітілген техникалық регламенттерді айналып өтетін амал жоқ. Бұл - рөлі оң жақтағы көліктерге қатысты мәселе. Бұл ереже керек десеңіз, 2008 жылы қабылданып қойған. Оны Қазақстан азаматтарының бәрі біледі. Ал енді не істеу керек дегенге келсек, жоқ дегенде шығынның бір бөлігін өндіріп алудың әртүрлі жолы бар. Ондай көліктерге техникалық регламент рұқсат беретін елдерге өткізуге болады. Автокөлікті қосалқы бөлшек түрінде сатуға да жол ашық. Көлік әкелінген елге қайта апарып, оның сапасы мен кедендік төлемдері туралы жалған ақпарат берген адамға қарсы сот шағымын түсіруге болады. Бұл жерде жағдай әр түрлі. Әр жағдайды жеке талдап, адамдарға соған сәйкес әрекет алгоритмін ұсынып жатырмыз, – деді Қожаев.
Қаңтар айының ортасында ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағында жүргеніне бір жыл болған, бірақ есепке тұрмаған шетелден әкелінген көлік иелеріне ескерту жасап, заңды тіркеуге қоюға шақырған. Осыдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Орал, Семей, Петропавл, Қызылорда қалаларында тіркелмеген көлік иелері жиналып, наразылыққа шыққан. Олар Қазақстанға әкелген көлікті тіркеу тым қымбат екенін айтады. Билік тіркелмеген көліктер заң бұзса, жауапкершіліктен жалтарады деп есептейді.
Пікір қалдыру