Әлеуметтік желіде "Қордайдағы төбелестің" видеолары тарап, қызу талқыланып жатыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан айғайлап, жылап жатқан адамдардың даусын және мылтықтың гүрсілін естуге болады. Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болғанын растады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, Масаншы мен Қордай ауданы тұрғындарының арасында түсінбеушілік төбелеске себеп болған.
Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығының төрағасы Хусей Дауровтың хабарлауынша, атыс Қордай ауданындағы Масаншы ауылында басталып, жағдай ушығып бара жатыр, деп жазған kaztag.kz сайты.
"Полиция жағдайды бақылауға алдық дегенімен, Масанчидегі жағдай бақылауда емес, бірақ одан сайын нашарлап барады. Келген жігіттер Масаншы ауылындағы 10-нан астам үйді өртеп жіберді. Енді атыс басталды. Тіпті бір топ жігіттер кез келген адамға оқ жаудырып, ұрып жатыр. Полиция ештеңе істей алмауда. Адамдар қауіпсіздік күштерінің келуін күтуде, бірақ әзірге жағдай өте нашар", - деді Дауров.
Қазақстан дүнгендер қауымдастығының жетекшісінің өзі Масаншы кентінің жанында орналасқан Сортөбе ауылында тұрады.
"Қазір 10-нан астам аулалар өртеніп жатыр, өрт сөндіру машиналары да көрінбейді. Жаппай төбелес болып жатыр. Тек төбелес емес, басқа ауылдардан келген топтар жергілікті тұрғындарға оқ жаудыруда", - деді Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығының басшысы.
Дегенмен әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Қордай ауданында дүнген ұлтының азаматтары "80 жастағы қазақ қария мен оның екі баласын арматурамен, балғамен ұрып, басын жарғаны" туралы ақпарат тараған. Жамбыл облысындағы полиция депортаменті Қордайдағы жанжалға байланысты тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.
Пікір қалдыру