Дүнген қауымдастығы төрағасы Хусей Дауровтың facebook парақшасында бөліскен видеосы желіде қызу талқылануда. Дауров бөліскен видеода қазақстандық интернационалистер қоғамының төрағасы Бақытжан Көпбаев Қордайдағы тұрмыстық жанжалдан кейін шекара асып кеткен дүнгендердің елге оралуын өтініп, "отанымыз бір ғана – Қазақстан, бізді тастап кетпеңіздер" деді.
– Осыдан бірнеше күн бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылындағы болған ұлтараздық жанжалдан дүнген азаматтарының 8-і көз жұмды. Ал қалған 4000-ға жуық дүнген азаматы шекара асып қашып кеткен болатын. Әрине, олар бұған мәжбүр болды. Қазақстандықтардың тарапынан болған зорлық-зомбылық, мәжбүрлеу, тұрғын үйлерін өртеу оларға өте күрделі мәселе болды. Өздерінің тыныштығы, қауіпсіздігі үшін шекара асып көршілес жатқан Қырғызстанға қашып кеткен. Біз оларды алып қалуды ұйымдастыра алмадық, – деп Көпбаев өз өкінішін жеткізді.
– Сонымен қатар бұл болған оқиғаны вандализмге теңеймін. Бұл ерте ғасырдағы болған аяусыздық, жабайылықтың жалғасы дерсің. Адамдарды жануарша қырып-жойған қатігездік. Себебі неде екені маңызды емес, ең бастысы адамдардың жауыздыққа құмар болып кеткені анық. Біреудің өміріне біреу өз еркімен қол сұға беретін заман болды. Көп адамдар көкірегін керіп тұрып, "мен ұлтжандымын, ұлтым үшін бәрін істей аламын" дейді. Өкінішке қарай бұның бәрі бос сөз, – деді ол.
– Сіздер мені білесіздер, былтырғы жылы армияндар үшін жұмыс істегенмін. Ал биыл әңгіме дүнгендер жайында болмақ. Дүнген бауырлар, біз қандаспыз. Сіздерден өтінерім, кетпеңіздер, отанға оралыңыздар. Біз сіздерді өз қарамағымызға алуға әрқашан дайынбыз. Қазақстан – біздің ортақ отанымыз, – дейді Көпбаев.
– Иә, адам сенгісіз шытырман оқиғаның орын алғаны жалған ақпарат емес. Бірақ бұл жолы билік те, шындық та сіздердің тарапта. Болары болып қойды, ендігі іс-әрекет бұл оқиғаның қайталанбауын алдын алуға арналуы тиіс. Ұлтаралық қақтығыс бұрынғы заманнан ушығып тұрған жанжал еді. Бұл жолы өз шегіне жетті. Осылай боларын бәріміз білген едік, – дейді ол.
Пікір қалдыру