"Әбдіхалықов кетпесін!". Әуезов театрының ұжымы президентке хат жазды (фото)

/image/2020/02/13/crop-185_85_682x910_051540827400.jpg

"Қамшының" электрондық хат қоржынына М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы, ҚР Халық әртістері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері атынан президент Қ.Тоқаевтың атына жолданған хат келіп түсті. Онда "Театр директоры Сәбит Әбдіхалықов басшылық қызметтен негізсіз алынғалы жатыр" деген өнер ордасының ұжымы Қ.Тоқаевтан директордың өз лауазымында қызметін жалғастыруына ықпал етуін сұраған. Төменде хат мәтіні мен хатқа қол қойғандар тізімі ұсынылған.

Қазақстан Республикасының президенті

Қ.К.Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры еліміздегі маңызды мәдени ошақтардың бірі екендігі өзіңізге мәлім. Көрермендердің рухани дамуына үлес қосып келе жатқан қарашаңырақтың жаңа белестерді бағындыруының басты кепілі тұрақтылық екені де даусыз. Кәсіби мәдениеттің қайнар бұлағы болған М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлкеттік академиялық драма театры – еліміздің «Әкемтеатры». Әкемтеатр қарашаңырағынан өзінің еншісін алып, Абай атындағы Опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония және еліміздің театрлары шаңырақ көтеріп, қазіргі уақытта мемлекетіміздің мәдени қоғамының қалаушысы болғанына тарих куә.

2019 жылы М.Әуезов театры еңсесінің көтерілуі, шығармашылықтың қайта жандануымен қатар театр шаруашылығының бір жүйеге келуі – ұйымның директоры Әбдіхалықов Сәбит Әбдімүтәліұлының келуімен тығыз байланысты. Себебі, театр басшылығына келген бір жыл уақыттың ішінде шығармашылық ұжымға еркіндік бере отырып, жаңа жобаларға қолдау көрсетті, театр репертуары  сәтті қойылымдармен толықты. Халықаралық фестивальдер мен гастрольдер ұйымдастырды. Бір жыл ішінде көрермендер саны 30%-ға өсуі, әр қойылымдарда көрермен залында орта есеппен 70% болуы, еліміздің басқа театрларымен салыстырғанда бұл салада үздік екенімізді айтқымыз келеді. Театрдың жалпы өндірістік тиімділігі 20%-ға артты. Сонымен қатар, қызметкерлерге әлеуметтік салада оң жағдай жасалып, бірнеше мәрте сыйақыларға ие болдық. Театрдың ұзақ жылдар бойы жиналған миллиондаған қарызының толықтай жабылуына, театрдың имиджінің көтерілуіне, театр қызметкерлерінің қажетті жабдықтарының қамтамасыз етілуіне және ұсыныс-талаптарының орындалуына мүмкіндік жасап отырған директорге ұжым дән-риза. Дипломатиялық қабілетінің арқасында спорт кешендерінде театр қызметкерлеріне спорт түрлерімен айналысуына тегін қатысу мүмкіндік жасады. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың тек бір жыл ішінде атқарылған жемісі! Бүгінгі күні де, театр ішінде тұрақтылық пен шығармашылық дамуға деген үлкен сенім пайда болып отыр. 2019 жылда қойылған барлық мақсаттар мен жоспарлар артығымен орындалып, театрдың өсуіне, жаңа деңгейге шығуына жол ашылды. Өзінің игі бастамаларымен тек қана театр ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, қайырымдылық шараларының өзі жоғары дәрежеде өткізілуі – театрымыздың мәртебесі артып, көшбасшы театр екенін дәлелдеуде.

Театрда тарихында көптеген басшылар болды. Қазіргі заманның жаңа форматтағы заманауи үздік театр менеджері ретінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Сәбит Әбдімүтәліұлын айтуға толық негіз бар. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазак мемлекеттік академиялық жастар және балалар театрындағы 4 жылдық еңбегінің арқасында аталмыш театрдың жаңа белеске көтерілуіне жағдай жасалғанына куәміз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Осы орайда, театр басшылығының ауысуына қатысты әңгімелер осымен 6-7 айдың көлемінде жүріп жатқанын жеткізгіміз келеді, «Жаңа басшының келуі мүмкін» деген сөздер ұжымда көптеген сұрақтар тудырып отыр. Ұжым бір басшымен жұмыс істеуіне енді үйрене бергенде, ауыстырып жіберетін «дәстүр» қалыптасты. Жаңа басшы келмей жатып, оны да жақын арада тағы да ауыстырады деген сөз шығатынына етіміз де үйреніп кетті. Бұл фактор театр жұмысының атмосферасына, өндірісіне кері әсерін тигізіп келеді. 94 жылдық тарихы бар  Басшылықтың жиі ауысуы ұжымда тұрақсыздық тудырып, қолға алынған істердің аяқсыз қалуына алып келері сөзсіз. Бас театрға бұл әрекет өте жарасымсыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Енді міне, 1 жылға жуық қызмет атқарған Сәбит Әбдімүтәліұлы Әбдіхалықовты лауазымнан босатады деген әрекеттер Сізге хат жазуды мәжбүрлеп отыр. Директорды қандай себеппен лауазымнан алып тастайтыны белгісіз. Тағайындалатын жаңа директордың қандай себеппен қойылып жатқанына да бізге беймәлім. Директордың денсаулығына байланысты лауазымынан босату туралы арызы мәжбүрлі түрде жасалған деп есептейміз. Ұжымның көкейін мазалаған осы сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Р.Райымқұловаға хат жолдадық.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Тиімді мемлекеттің негізі – мемлекет пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынас. Қазақстан халқына үндеген жолдауыңызда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы – халық тарапынан әрекет ететін билікке деген сенімді орнату мен нығайтуға негізгі екпін жасалатын басты стратегиялық элемент екенін атадыңыз. Біздің ұжымды да естиді, тыңдайды деген үміттеміз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдімүтәліұлы Әбдіхалықовтың еңбегіне ризашылығымызды білдіре отырып, Сізден директордың өз лауазымында қызметін жалғастыруына ықпал етуіңізді сұраймыз.

Аса құрметпен,

ҚР Халық әртістері

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері

театр ұжымы

театр ұжымының қолдауы  қосымша бетте (барлығы 163 адам)

+7 707 478 3353 А.Кабдешова «Мәдениет саласының үздігі»

alena.kabdiesh@mail.ru

а

а

а

а

а

а

а

а

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар