Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов 2020 жылы өтетін Ұлттық халық санағы туралы мәлімдеді.
Халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңі. Маусым айының 1 мен 30 аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Санақтық аудандастыру – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
Негізгі кезең (қазан айының 1 мен 30 аралығы).
Қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне Интернет желісі арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Сонымен бірге сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар.
Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. 2018 жылдан бастап 2022 жыл аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағына дайындық және өткізу үшін Комитетке 8 211 млн теңге сомасында қаржы қарастырылған.
Тікелей халық санағын өткізу кезеңінде 2020 жылы уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарлануда. Жалданатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек.
Ақпарат үшін Халық санағын жүргізу кезінде интервьюерде төменде көрсетілгендер болуы қажет:
- Аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьер КУӘЛІГІ.
- Халық санағының символикасы бар көк түсті ШАРФ.
- Халық санағының символикасы бар көк түсті ПОРТФЕЛЬ. Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті.
Санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады. Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсетілген қызметтері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған. Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) көрсетілген қызметтері үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланған.
Толық көлемде 45 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсетілген қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланған.
Пікір қалдыру