Ұлттық кеңестен Бұқарбаев шығып, Тайжан жұмысын сынады (видео)

/image/2020/02/20/crop-143_19_430x573_empty-1.jpg

Баспагер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Бақытжан Бұқарбай facebook парақшасында кеңес құрамынан шығатынын мәлім етті.

Ол кеңеске отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен оның мүшесі болуға келіскенін саяси реформалар бойынша жұмыс тобының құрамында бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар дайындауға белсене атсалысқанын айтқан.

«Біздің ұсыныстарды ескере отырып, президент Тоқаев жыл соңында саяси реформалардың бірінші пакетін жария етті. Яғни партия тіркеу жұмысын жеңілдету, бейбіт жиын ұйымдастыру үшін хабарлау жүйесіне көшу сияқты оң өзгерістерді заңға енгізу туралы нақты тапсырма берді.

Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол халықтың, азаматтардың мүддесіне қайшы болып отыр.

Бұған қоса саяси тұтқындардың әлі күнге дейін босатылмағанын айта кеткен жөн. Жанболат Мамайға партия құру жолында тосқауылдар жасалып жатқанын да көріп жүрмін. Осының барлығы Тоқаевтың тапсырмаларын оның астындағы бюрократтардың елемейтінін аңғартып отыр. Бұл дегеніміз Ұлттық кеңестің бүгінгі таңда еліміздегі саяси реформаларға ешқалай әсер ете алмайтын ұйым екенін көрсетті.

Мен халқымның алдында адал болғым келеді. Халықтың мүддесін әрдайым бәрінен жоғары қоямын. Кеңестің құрамында елімізге пайда әкелетін өзгерістер үшін барымды салып, қолдан келгенше тырыстым, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзім жетіп отыр. Мен халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді, сол себепті Ұлттық кеңестің құрамынан шығатынымды мәлімдеймін, делінген баспагер жазбасында.

Бақытжан Бұқарбай саяси реформаның орнына көзбояушылық болса, неге әкеліп соғатыны туралы Тоқаевқа арналған кітабында жазғанын мәлім етті.

Бұған дейін ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан әлеуметтік желідегі парақшасында демократиялық және нарықтық реформалар басталмай жатып, соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген. Ұлттық сенім кеңесі мүшелерін заң жобасын жасау ісіне араластырмайтынын, отырыста көтерілген мәселелерді жүзеге асыру барысы белгісіз екенін мәлім етіп, кеңестің келесі отырысының қашан өтетіні, онда қандай мәселе күн тәртібіне қойылатыны анық еместігін айтқан.

Сондай-ақ ол ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген митинг туралы заң жобасы мүлде іске алғысыз деп айтқан. 

Жазбасының соңында сенім кеңесінде көтерілген саяси реформаларды жүзеге асыру үшін президент жаңа адамдарды жұмылдыру керектігіне назар аударған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар