"Демпартия" құруға ынталы бастамашыл топ жақтастары Алматы облысы Қарасай ауданы ішкі істер бөлімі ғимаратының алдына жиналып жатыр. Олар бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етуде.
Полиция қызметкерлері жиналған жұртты, сондай-ақ Мамайдың адвокатын ішкі істер бөліміне кіргізбей тұр.
Мамай жақтастарының бірі президент Тоқаевқа үндеу жасап, "саяси реформалар жасалады деп едіңіз ғой. Енді мынадай әрекетті қалай түсінсе болады? Меніңе, сіздің абыройыңызға нұқсан келтіру үшін әлдекімдер азаматтардың пікірін ашық айту құқығын пайдалануға, партия құру құқығын пайдалануға қасақана кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты ел алдына шығып, түсінік беруіңізді сұраймыз" деді.
Аудандық ішкі істер бөліміне жиналған азаматтардың арасында Мамайды босатуын талап етіп, төтенше шара ретінде аштық жариялауды ұсынды. Ұсынысты он шақты азамат қолдайтынын айтты.
Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайды босатуын талап етіп, аштық жариялаған азаматтар
Қаскелеңдегі ішкі істер бөліміне жиналып жатқан Демпартия жақтастары сәт-сайын көбейіп жатыр.
Полиция қызметкерлері журналистерге және Мамайдың жақтастарына оның не себепті ұсталғанына қатысты пікір білдірген жоқ.
Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбайдың айтуынша, полиция белсендіні бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланың Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық сотына келген кезде ұстап, шақырту қағазын көрсетпестен аудандық полиция басқармасына күштеп алып кеткен.
Пікір қалдыру