25 ақпанда Семей полициясы Нұр-Сұлтан қалалық тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің жерлеу рәсіміне бармақ болған екі белсендіні темір жол станциясында ұстады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Аzattyq дерегін негізге алып.
ЖСДП партиясы Семей бөлімшесінің төрағасы Роллан Машпиевтің айтуынша, сейсенбі күндіз белсенді Кенжебек Сұлтанбеков пен Ерлан Кеңешбаевтың үйіне полиция шақырту қағазын жіберген (Кеңешбаев үйінде жоқ болған, Сұлтанбеков қазақша шақырту қағазын талап еткен). Ал кешке жақын Ақмола облысына жол жүру үшін темір жол вокзалына барған кезде екеуін ұстап әкеткен. Полиция бұған қоса, оларды шығарып салмақ болған белсенділердің бірі Иса Жұмағазинді де басқармаға жеткізген.
– Ерлан Кеңешбаев сәл ертерек вокзалға барған еді. Біз Кенжебек бәріміз сосын бардық. Вокзалға келіп, машинадан түскеніміз сол еді, полиция қызметкерлері жүгіріп келіп, Кенжебекті тоқтатпақшы болды. Бірден "жүріңіздер" деп әкете бастады. Не құжаттарын көрсетпеді, жұлқылап ұстай бастады. Бастапқыда формасыз адамдар ұстады. Кейіннен форма кигендері келіп, әкете бастады. Заң талаптарын айттық. Оған да қараған жоқ. Бұл жерде оннан астам адам болды ғой деймін. Бәрімізді итеріп, полиция көлігіне отырғызып алып кетті, – дейді Роллан Машпиев.
Оның айтуынша, полиция басқармасына үшеуін де апарған. Онда Сұлтанбековтің қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер шақырылған. Бұған қоса, ұстау кезінде Кеңешбаев пен Жұмағазиннің "омартқасы мен кеуде тұсы ауырып қалғандықтан" жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Полиция басқармасы олардан сұрақ-жауап алып үлгермегендіктен "тергеуді" 26 ақпан кешкі 18:30-ға тағайындаған.
– Үшеуін де Facebook-тағы ҚДТ жайлы жарияланған жазбаға қатысты шақыртқан, – деді Роллан Машпиев.
Мәселе туралы Семей қалалық полиция басқармасы әзірге түсінік бермеді.
Дәл осы күні Өскеменде де полиция Ағаділдің жаназасына бармақ болған кемінде екі тұрғынды ұстаған. Өскемендік құқық қорғаушы Индира Кәкімова фейсбуктағы парақшасында белсенділер Бақытбек Қапаев, Айдар және Айдын Байсағатовтарды 25 ақпанда жергілікті полицияға апарып, бірнеше сағаттан соң босатқанын хабарлады. Олар 26 ақпанда жергілікті прокуратураға полицияның заңсыз әрекетіне шағымданған. Белсенділердің өздерінен пікір алудың сәті түспеді.
Дәл осыған ұқсас оқиға Шымкентте де болды. Мұнда түнгі сағат 22:30 шамасында полиция белсенділер Марат Қасымбеков, Дулат Пралиев пен Марат Дүйсенбиевті Түркістан облысы Түлкібас ауданының аумағында ұстаған.
Белсенді Марат Қасымбековтың айтуынша, Нұр-Сұлтанға Марат Дүйсенбиевтің көлігімен жолға шыққан. Шымкенттен шамамен жүз шақырым жүргеннен соң Түркістан облыстық полиция департаментінің жол-потрулдік полициясы тоқтатып, «жылдамдықты асырдыңдар» деп уәж айтқанымен айыппұл салмаған. Жарты сағаттан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері келіп, оларды Шымкенттегі Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткізген.
– Қаратау аудандық полиция бөлімінен түнгі сағат үште шықтық. Бұл – белсенділерді Нұр-Сұлтанға Дулат Ағаділдің жаназасына жібермеудің амалы. Полиция Қазақстан территориясында емін-еркін жүріп-тұру туралы құқығымызды бұзып отыр. Дулат Ағаділмен таныспын. Бір дастарханнан дәм татқан едік. Қалтамызда қару жоқ, ниетіміз түзу. Өз ой-пікірімізді айтып жүргеніміз үшін жаназаға жібермей отыр, – дейді Қасымбеков.
Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.
Пікір қалдыру