Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторында көз жұмған Дулат Ағаділдің денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Бұл туралы бүгін қалалық прокуратурадан мәлім етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат дерегіне сүйеніп.
«25 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті Ағаділдің көз жұму жағдайы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Дәл сол күні барлық мән-жайды зерттеудің шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды», - деп хабарлады елорда прокуратурасы.
Белгілі болғандай, Д.Ағаділдің отбасының адвокаты берген өтініш бойынша 26 ақпан күні отбасы шақырған жеке сот сарапшыларының қатысуымен марқұмның денесіне зерттеу жүргізілген.
«Оның нәтижесі бойынша, жұмылдырылған мамандар Ағаділдің өліміне өткір жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі себеп болғанын анықтады. Денесінде зорлық-зомбылықтан болатын қандай да бір жарақаттар анықталмады. Іске тартылған сарапшылар, сонымен қатар оның бауыры мен адвокаты тарапынан ескерту немесе өтініш берілген жоқ. Сот сараптамасының қорытындысы лабораториялық зерттеу нәтижесі бойынша беріледі. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - делінген ведомство хабарламасында.
Пікір қалдыру