Тамырлы тарихы тұңғиық өзгеше өнер бесігі, адам жанына ізгілік нұрын себетін, асыл құндылықтарды насихаттаушы, көрермен көңілін шартарапқа самғатып, ертегілер еліне еріксіз жетелейтін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына биыл 85 жыл толып отыр. Қойнауына сиқырлы әлем сырын тұндырған тұңғыш қуыршақ театры қоймасындағы қазыналы қойылымдар легі ғасырға жуық уақыт бойы көрерменіне қалтқысыз ұсынылып, кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдер, соңғы жылдарда ересектер бойына жан азық сыйлайтын таптырмас тәрбие құралына айналып толассыз қошеметтер мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.
Мерейлі де мерекелі жаңа 85 маусым аясында театр ұжымы танымы бөлек, табиғаты өзге, маңызы зор, мағынасы терең, мәдениет пен қоғам үшін берері мол, жаңа форматтағы, тың идеяларға толы іс-шараларды өткізуді кеңінен қолға алып, бірқатар игі жұмыстарды абыроймен атқаруда. Соның бірі де бірегейі Алғыс айту мерекесі қарсаңында ақпарат кеңістігін түрлі мәдени тақырыптағы ақпараттармен насихаттап жүрген журналистер, тілшілер мен блогерлердің басқосумен өткізілген баспасөз туры.
Рухани асыл құндылықтарды дәріптеп, адамгершілік биік ұғымдарды жас жеткіншектер бойына маңызы мол, тәрбиелік мәні жоғары спектакльдер арқылы ұғындырып жүрген бақытты бала күндердің ескірмес естелігіне айналған ертегілер елінің елшісі аталмыш іс-шара барысында театрдың төлқұжатына айналған «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) спектаклінің көрсетілімімен бірге сырлы әлем сырын танытқан сиқырлы қуыршақ түрлерінен көз тартар көрме ұйымдастырып, сахна сыртындағы тылсым маман иелерімен қуыршақ жасау, киім тігу және театр артистерімен тығыз байланыстағы қуыршақ жүргізуден шеберлік сағаттарын ұсынды. Бала қиялының тұнық мекенінде тағылымды көрермендерге театр артистері мерекелік көңілді ойын-сауық бағдарлама дайындап, жағымды атмосфера барысында кішкентай бүлдіршіндер ғана емес, ата-аналарды да қуыршақ сырына қанықтыратын түрлі сұрақтарға жауап берді. Сиқырлы қуыршақ өнерін танытып, ұмытылмас әсер сыйлаған жайдарлы жексенбіде кәсіби шығармашылық өзара байланыс орнап, салмақты жоспарлар бағыты айқындалды.
Осы орайда, жаңа белеске айқын мақсаттармен талпынып, шығармашылығын шыңдай түсуді міндет санайтын театр ұжымы алдағы уақытта мерейлі 85 жылдық мерейтойы аясында қуыршақ театр өнерін дәріптеу, еліміздің ұлттық мәдениетін өркендету мақсатында «Қуыршақтар шақырады – 2020» қуыршақ театрлар фестивалін өткізетінін естеріңізге саламыз. Қоғамдағы өзекті тақырыптар мен түйіткілі көп сұрақтарды, ортаны ойландырып жүрген оқиғаларды қуыршақ бейнесінде көрсетіп, қуыршақ тілімен айтқызатын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының ұсынар жаңалығын жіберіп алмаңыз, қадірлі оқырман.
Мадина ТӨЛЕ
Пікір қалдыру