Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа байланысты мерекелік және қоғамдық іс-шаралардың тоқтатылуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Тengrinews.kz хабарлады.
– Бізде коронавирус анықталған жоқ, вирус жұқтырды деген күдікпен келетін науқастарды тексеріп жатырмыз. Сондықтан да іс-шараларға шектеу қоюдың қажеті жоқ. Коронавирус анықталған жағдайда - 1 немесе екі адамда анықталған жағдайда ғана осындай шаралар қолданамыз. Халық дүрлікпеуі үшін қоғамдық іс-шараларды тоқтату керек болатын шығар. Бірақ қазір олай істеудің қажеті жоқ. Қандай да бір қауіп болса бас санитар дәрігер мен әр өңірдің басшылығы қажет шешім қабылдайды, – деді министр.
Біртановтың айтуынша, дәл қазір балабақша мен қоғамдық жерлерге бару қауіпті емес.
– Менің де балаларым мектепке барып жүр, ешқандай қауіп жоқ. Бірақ тұмау маусымы жүріп жатқандықтан біз күз және қыс айларында қоғамдық іс-шараларды көптеп ұйымдастырмауға кеңес береміз. Біз мұны үнемі айтатынбыз. Тағы да айтамын, Қазақстанда коронавирус анықталса, бірден сол мезетте қажетті шешімдер қабылданады, – деді министр Біртанов.
Пікір қалдыру