Қазақстанның Бас прокуратурасы Литва билігінен экс-банкир Әбләзовтың балдызын елге қайтаруды талап етті. Естеріңізде болса осыған дейін «Қамшы» порталы «М.Әбләзовтың балдызы Литвада ұсталды» деген ақпарат жарық көрген болатын.
Қазіргі уақытта Шалабаевқа қатысты Қазақстанда тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол "БТА Банк" акционерлік қоғамының 175 миллион теңгесін заңсыз иемденді деген күдікпен іздестіріліп жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше, ол Мұхтар Әблязовтің жетекшілігімен құрылған топпен осындай қылмысқа барған.
Естеріңізге сала кетейік, экс-банкир Әблязовтың балдызы Сырым Шалабаев 28 шілде күні Вильнюс қаласында ұсталған болатын. Ал 30 шілдеде Вильнюстің жергілікті соты Шалабаевты 3 айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
2011 жылы Сырым Шалабаевты сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін Лондонның Жоғарғы соты 18 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза кескен болатын. Дегенмен ол сот төрелігінен қашып, нәтижесінде оған Халықаралық іздеу жариялаған.
Сонымен қатар, Сырым Шалабаевқа Украина билігінің сұранысы бойынша Интерпол іздеу жариялаған болатын. Ол өзінің жездесі-сыбайласы, БТА Банктің экс-басшысы Мұхтар Әблязовпен және тағы да басқа тұлғалармен бірге Қазақстанда, Украинада, Ресейде және тағы да басқа елдерде бірнеше миллиард доллар сомасында қаражатты иемденіп, жаратты деп айыпталып отыр. Украинада Сырым Шалабаев 300 миллион доллардың мүлкін жаратты және иемденді делінеді.
Нұрзат Тоғжан