Елордада коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған тұрғындардың бәрі табылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Коронавирус індетінің өте жылдам таралуына байланысты әлемнің бірнеше елінде төтенше жағдай жарияланғанын білесіздер. Мұндай қысылтаяң кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында нысандар қалай жұмыс істейтіні туралы айтып беруге рұқсат етіңіздер. Бүгінгі таңда қалада коронавируспен ауырғандар саны 17 адамға жетті. Сол себептен біз қауіпсіздік шараларды күшейттік. Бұл азаматтармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы табылды. Олар арнайы орындарға жатқызылды. Сонымен қатар зертханалық зерттеулер жүргізілуде, – деді Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, 28 қаңтар мен 16 наурыз аралығында стационарда 752 адам жатқызылды. Қазір онда 318 пациент карантинде жатыр.
– Диагностика жасап, емдеу үшін 1051 орынға арналған арнайы медициналық орын белгіленді. Қажет болған жағдайда қосымша осынша орын дайындаймыз. Медициналық қызметкерлер коронавирус инфекциясын жұқтырды деген күдігі бар пациенттермен жұмыс істеудің нақты іс-әрекет тәртібін жақсы біледі. Оларға қазіргі таңда үлкен салмақ түсуде. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарын медициналық қызметкерлерді қолдауға шақырамын. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен, басқа да қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етілген, – деп айтты қала әкімі.
Пікір қалдыру