Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы күн сайын күніне екі уақыт мегаполистегі жолдарды жууды ұйымдастыруда, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұл жұмыстарға суарып жуатын 90 көлік, тротуар жинайтын 54 машина мен 962 жол жұмысшылары жұмылдырылды. Сондай-ақ қосымша 112 адам қоқыс жәшіктерін, орындықтар мен аялдамаларды дезинфекциялаумен айналысуда.
Бүгін, 32 бригада көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістерін залалсыздандыруды бастады. 8633 кіреберіс (2868 үй) пен 1441 ауланы өңдеу жоспарлануда.
Тазалау жұмыстары жүргізілмес бұрын дауыс зорайтқыш жабдығы бар көліктер арқылы ескертулер хабарланады. Сондай-ақ келесі өңдеу жұмыстарының кестесі кіреберістерге ілінеді.
Бұдан өзге 25 наурызда Есентай, Үлкен Алматы және Теренкур өзендерінің жағалауын дезинфекциялау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, қаланың тазарту жұмыстарына Алматы гарнизонының күштері тартылды. Олар бірінші кезекте жалпы көлемі 60 га. болатын қаланың жеті ірі базарларын дезинфекциялады. Бұл жұмысқа 317 сарбаз жұмылдырылды. Оған қоса 11 бірлік арнайы техника мен өңдеу жұмысына киілетін 151 киім жиынтығы берілді. 49 тонна арнайы су ерітіндісі жұмсалды.
Сонымен қатар, гарнизон қызметкерлері карантиндік бақылауда тұрған 13 медициналық ұйымға санитарлық өңдеу жүргізбек. Бұл жұмысқа 320 әскери қызметші жұмылдырылады.
Пікір қалдыру