«Birgemiz» Қоры Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының дәрігерлерін қолдауға 100 млн. теңгеден астам қаражат бағыттайды

/image/2020/04/02/crop-6_77_469x625_birgemiz.jpg

Қамқоршылық кеңестің төрағасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атап өткендей, бастапқыда қор қаражатын 100 мың мұқтаж азаматқа тарату жоспарланған. Әйтсе де, бүгінде өңірлерден түскен өтініштер саны айтарлықтай өскен, ал партияның онлайн ресурсына көмек сұрап хабарласушылар саны – екі есеге артқан.

 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қор қаражаты қарапайым қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады. Бұл берілетін көмектің әрбір жанға дербес белгіленуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Biz Birgemiz» акциясының аясында Қор халықтың әлеуметтік әлсіз санатына кіретін мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден аударады. Бірінші кезеңде қаржылық қолдауды 150 мыңнан аса мұқтаж азамат алады, ол 7,6 млрд. теңгені құрайды», - деді Бауыржан Байбек.

 

Қор төрағасы Руслан Сакеевтың мәліметінше, материалдық көмек екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғалардың карточкаларына немесе ағымдағы есепшоттарына қолма-қол емес ақшалай түрде аудару жолымен көрсетіледі. Қазіргі уақытта материалдық көмекті аудару кезінде одан комиссия алмау мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге бұл қаражаттың кредиттері бойынша қарызы бар азаматтардың берешегін өтеу үшін ұсталып қалмауы да пысықталуда.

 

«Ешқайда барудың, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Таяу күндерде аталған қаражат өңірлік қорларға аударылып, әрі қарай ол адамдардың есепшоттарына түсетін болады. Бұл үшін біз алдын ала бүкіл өңірлермен тиісті меморандумдарға қол қойғанбыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымдарының негізінде көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Әкімдер аталған санаттар бойынша көмек алушылар тізімін ұсынды. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алып жүрген және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұлдыр жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар. Бұл ретте аталған әрбір санатта мұқтаж жандар да, сонымен бірге көмекті қажет етпейтіндер де бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан біз тізімді тікелей жергілікті жағдайды жақсы білетін әкімдіктерден алдық. Аталған көмек облыс орталықтары мен коронавирус таралу қаупі жоғары ірі қалалардың тұрғындарына көрсетіледі. Осы жәйттер ескеріле отырып, 23 қала анықталды», - деді Руслан Сакеев.

 

Мәжіліс барысында Қордың Қамқоршылық кеңесі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының індетке қарсы іс-шараларға тартылған 2 мыңдай медицина қызметкеріне материалдық қолдау көрсету үшін 100 млн. теңгеден астам қаражат бөлу туралы ұсынысты қолдады. Таяу уақытта қор басшылығы қос қаланың әкімдіктерімен бірлесіп қаражатты тарату тетіктерін тұжырымдайды және 50 мың теңге көлемінде біржолғы төлем алатын медицина қызметкерлерінің тізімін әзірлейді.

 

Жалпы бүгінгі күні «Birgemiz» қоғамдық қорының есепшотына 13,2 млрд. теңгеден астам қаражат түсті. Күні кеше қор үкіметтік оператор "СК-Фармация" компаниясымен 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойды. Бұл маскалар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлеуметтік жағынан ең әлсіз топтарына таратылады. Жинақталған қаражат туралы ақпаратты және өңірлер бойынша бөлінетін көмекті бақылап отыру үшін қор birgemiz2020.kz ресми сайтын ашты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар