Өскемендік кәсіпкерлер рұқсат қағаздарын ешқандай қиындықсыз алып жатыр. Қаладағы №38 мектепке арнайы барған аймақ басшысы Даниал Ахметов жағдайды өз көзімен көріп, ондағы адамдармен тілдесті.
Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде «Арнайы рұқсат қағазын алуға келген кәсіпкерлер қалалық әкімдіктің алдында күні бойы кезек күтіп, тиісті құжаттарын ала алмай тарқасты» деген ақпарат жарияланған болатын. Ізінше желі қолданушылары рұқсаттамалардың жетпей қалғанын, ал ол құжатсыз шектеу кезінде қалада жүріп-тұрудың қиынға соғатынын айтып, әжептәуір дүрліккен-ді.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, адамдар рұқсаттаманы еш кедергісіз алып жатыр. Оларға 200-дей адам қызмет көрсетуде. Айталық, бес-алты минутта шамамен жүз шақты адам рұқсат қағазын алып үлгерді. Дәл осындай жұмыстар әрбір әкімдікте жүргізіліп жатыр. Аз уақытта барлық тиісті мекемелер мен кәсіпкерлер қамтылатын болады. Қазіргі жағдайда бізге бұл өте қажет. Рұқсат қағазы ең алдымен тәртіпті сақтауға және көшедегі адамдардың санын екі есеге дейін шектеуге көмектеседі. Коронавирустың алдын алып, таралуын тежеу мақсатында осындай қадамға барып отырмыз, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов төтенше жағдай кезіндегі талаптар туралы қала тұрғындарына алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін ескертті.
Иә, аймақ басшысы айтқандай, облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің арнайы шығарылымында, сондай-ақ, облыс, қала әкімдерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында төтенше жағдай кезіндегі шектеу шаралары туралы толық мағұлмат берілген. Дегенмен кейбір адамдар тарапынан аздаған түсініспеушілік туындағанымен, халықтың дені шектеу шараларының енгізілуін қолдап отыр.
– Кейбір мәселеде түсінбей жатқан тұстарымыз бар. Жасыратын несі бар?! Бірақ бүгін осы жерге келіп, әкімдіктің мамандарынан бәрін сұрап, білдік. Мен - жеке кәсіпкермін. Ұн-тоқаш өнімдерін өндіріп, жеткізумен айналысамын. Маған жасыл түсті арнайы рұқсат қағазын берді. Енді еш кедергісіз көрсетілген уақытта жұмыс істей беремін. Жақсы болды, – дейді өзін Еркебұлан деп таныстырған өскемендік кәсіпкер.
Аймақ басшысы алдағы бірер күнде газет және әлеуметтік желі арқылы тағы да қосымша ақпараттар берілетінін жеткізіп, халықты сабыр сақтап, тәртіпті бұзбауға шақырды.
– Біз мынаны ұғуымыз керек. Әр шаңыраққа беріліп жатқан рұқсат қағаздары дүкенге, дәріханаға және банкке баруға ғана қолданылады. Мәселен, жасыл түсті талонмен жұп күндері, ақ түстімен тақ күндері сыртқа шыға аласыз. Бірақ рұқсатым бар екен деп басқа шаруамен жүруге болмайды. Өйткені біз мұны көшедегі адамдардың санын азайту үшін істеп отырмыз. Бұған түсіністікпен қараңыздар, – деп түйді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгіннен бастап, яғни сәуірдің 6-сынан бастап Өскемен мен Семейде шектеу шаралары күшейтіліп, қос қалаға кіріп-шығуға қатаң тыйым салынды. Арнайы рұқсат қағазы бар көліктер мен «жасыл дәліз» арқылы жүретін азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тауарларды тасымалдаушыларға ғана қалаға кіруге рұқсат берілген.
Пікір қалдыру