Қазақстан ішкі істер министрлігінің бір қызметкерінен коронавирус табылды. Бұл туралы бүгін, 9 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты.
Оның айтуынша, вирус жұқтырған полицей қазір емделіп жатыр, жағдайы тұрақты. Бірақ індет табылған ішкі істер министрлігінің қызметкері қай өңірден екені айтылмады.
Ильиннің сөзінше, індет табылған қызметкермен қарым-қатыныста болған 530 адам анықталған. Олардың 30-ға жуығы стационарлық карантинде емделіп жатыр.
"80-ге тарта адам үй жағдайындағы карантинде. Бүгінде көбісі жұмысқа шығып, қызметін жалғастыруда. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің өміріне індет салдарынан қауіп төніп тұрған жоқ" деді Ильин.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елде 120 медицина қызметкерінен вирус табылғанын хабарлаған. Олардың 67-і індет жұқтырған адамдармен жұмыс істеу барысында өздеріне жұқтырған.
Қазақстанға коронавирус жетіп, елде төтенше жағдай жарияланған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан қызметкерлерге үстеме ақы берілетін айтқан. Олардың арасында медицина қызметкерлері мен полицейлер де бар.
Соңғы дерек бойынша, елде 759 адамнан вирус табылды. Олардың жетеуі көз жұмып, 55-і жазылып шықты.
Пікір қалдыру