7 сәуір күні egov порталына құрамында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үлесі бар отандық кәсіпорындарға жер учаскелерін қайтарымсыз негізде беруді көздейтін үкіметтік қаулының жобасы жарияланды. Ол бойынша жер учаскелері берілетін Қазақстандағы өндірістік кәсіпорындардың арнайы тізбесі жасалуға тиіс болған.
Қоғамдық талқылауға шығарылып, артынша алынып тасталған қаулы. Скринқиындыны Kaztag журналисі жасаған
Алайда көп ұзамай жоба порталдан алынып тасталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұны "мемлекеттік органдар мен аккредиттелген қауымдастықтар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қатысы бар кәсіпорындарға үкіметтің жер учаскелерін беру құзыреті жоқтығын айтқандықтан, қаулының жобасы талқылаудан және одан әрі қараудан алынды" деп түсіндірді.
Қоғам белсенділері қаулының алынып тасталуына "шын мәнінде халықтың наразылығы себеп болды" деп санайды.
Қамшы тілшісімен сөйлескен белсенді Жанболат Мамай "билік халықтың өзіне қарсы шығып отырғанын жариялы түрде мойындағысы келмейді" деген пікірде.
– "Ұсынысымызды халық қабылдамады, оған қарсы болды" деп билік мойындағысы келмейді. Шын мәнінде үкіметтің жерді шетелдік кәсіпорындарға беруді көздейтін қаулыны талқылаудан алуының себебі – халықтық резонанстан, наразылықтан қорыққаны деп ойлаймын. Мен әлеуметтік желі арқылы халыққа "жер үшін митингіге шығуға дайынсыздар ма" деген сауал қойдым. Сонда мыңдаған адам дайын екенін айтты. Жалпы жер мәселесі – қазақты көтеретін, алаңға шығаратын мәселе. Оған карантин де, коронавирус та кедергі бола алмайды. Билік мұның бәрін көріп отыр. Сондықтан аяғын тартып, мәселені кейінге қалдырды, – деген белсенді жер мәселесі әлі де ашық күйде екенін атап өтті.
Оның сөзінше, жерді сату, шетелдіктерге беру мәселесінің ара-тұра көтерілуі, карантин кезінде мұндай қаулының шығуы – биліктің жерді саудалағысы келетінін анық аңғартады.
– Қиын қыстау кезде, жұрттың бәрі карантинде жатқанда, коронавирус асқынып тұрған шақта жер мәселесін көтеру – қылмыс деп білем. Бәрі үйінде отырғанда, бар назары коронавирусқа ауып тұрғанда қоғамның, мемлекеттің өмірі үшін аса маңызды осындай мәселені ың-шыңсыз өткізіп жібергісі келгендегі биліктің мақсаты – қазақтың жерін сату. Мұндай қысылтаяң уақытта мәселенің көтерілуінде биліктің жымысқы ойынан басқа себепті көріп тұрғаным жоқ. Қаулы 21 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады деп қойыпты. Карантин жағдайында қандай қоғамдық талқылау? Көшеге шықсаң, полиция айыппұл салады немесе ұстап алып кетеді. Сондықтан бұл әдейі жасалған әрекет, – дейді Жанболат Мамай.
Қоғам белсендісі "жерді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үлесі бар кәсіпорындарға беру деген қазақ жеріне Армения, Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдерінің азаматтары иелік ететін болады деген сөз. Аталған елдерге кәсіпорындарын тіркеп қойған Қытай азаматтары үшін қазақ жеріне төте жол ашылады. Бұл – жеріміздің, тәуелсіздігіміздің тұтастығына төнген үлкен қауіп" деп санайды.
Оның айтуынша, қаулы алынып тасталғанымен, жер мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Оны түбегейлі шешу үшін жер туралы жаңа заң қабылдап, онда жер шетелдіктерге жалға берілмейді де, сатылмайды да деп тайға таңба басқандай етіп жазылуға тиіс.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан да "үкімет қаулысының талқылаудан алынуы – халық белсенділігінің арқасы" деп санайды.
Сондай-ақ Мұхтар Тайжан билік жер мәселесін түбегейлі шешуді созып келе жатқанын айтты.
– Мен төрт жылдан бері "жер мәселесі уақытша емес, түбегейлі шешілсін" деп айтып жүрмін. Бірақ билік өкілдері "ақылдасайық", "шешіледі ғой" деп созбаққа салып келеді. Жарияланған мораторий мерзімі аяқталуға таяп қалды. Енді кешіктірмей жер мәселесін біржақты етуіміз керек. Ол үшін халық мәселеге бейжай қарамай, белсенділік танытуы қажет, – деді белсенді Қамшы тілшісіне.
Пікір қалдыру