616 мың қазақстандыққа 42500 теңге әлеуметтік төлем тағайындалды

/image/2020/04/10/crop-105_10_424x566_911292c1fc676963cc2a221ba60e28b0.jpg

616 мыңға жуық қазақстандыққа табысынан айырылуына байланысты 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты 42500 теңге жәрдемақыны алу үшін 1 млн 785 мың 413 азаматтан барлығы 3 млн 593 мың 853 өтініш келіп түскені анықталды. Осылайша, 1 млн 808 мың 440 өтініш екі қайтара жіберілген. Осы ретте, министрлік келіп түсетін мәліметтерді қарау мерзімін қысқарту үшін өтінішті бір рет қана жолдауды сұрайды.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем барлығы 615996 адамға тағайындалған болатын.

"Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді. Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады", делінген министрлік таратқан хабарламада.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар