Алматы қалалық тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, қалалық бас санитарлық дәрігер Айзат Молдағасымова қызметтен кетіп оның орнына елдің бұрынғы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тағайындалды.
Айзат Молдағасымова соңғы уақытта бірнеше даулы оқиғаның ортасында жүрді. Ол медицина қызметкерлерінің жаппай коронавирус жұқтыру дерегінің бір себебі дәрігерлердің сақтық шараларын сақтамауы екенін айтып, кінәні мамандардың өзіне артқан.
Санитарлық дәрігердің бұл сөздерін №12 Орталық қалалық клиникалық аурухананың медқызметкерлері "негізсіз айыптау" деп, департамент басшысының отставкасын талап етті. Сондай-ақ аталған аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әміреева мен тағы 33 дәрігер Айзат Молдағасымованы сотқа беретінін айтқан.
Оқиғаға байланысты ДСМ мамандарынан арнайы комиссия құрылып, эпидемиологиялық тексеру басталған. Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров санитарлық дәрігердің сөзінде қандай да бір заң бұзушылық анықталса, тиісінше жауапқа тартылатынын айтқан.
Ал бұған дейін бұрынғы бас санитарлық дәрігер коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейсте келіп, 14 күн карантинге оқшауланған болатын. Артынша жиналыстарға қатысып, ашық жүргені үшін қалалық Қоғамдық кеңес тарапынан сынға ұшыраған.
Ол бұл қызметке 2017 жылы келген.
Айзат Молдақасымованы алмастырған Жандарбек Бекшин қоғамда қызу талқыға түскен сөзінен соң көп ұзамай елдің бас санитар дәрігері қызметінен кеткен. Ол бас санитар болып тұрғанда "біздің болжамымызша, 11-16 наурыз аралығында елге коронавирус ақыры келеді" деп сөзден сүрінген болатын.
Пікір қалдыру