Құрметті отандастар!
Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті.
Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін.
Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр. Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды.
Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде. Әрине, барлық облыстағы жағдай бірдей емес. Кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты. Бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.
Біз ондағы нақты санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз. Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу. Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр.
Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім.
Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз. Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды.
Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінді. «Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс атқаруда. Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі. Азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде.
Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ. Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр. Біз індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді қаржылай қолдап жатырмыз.
Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдауда. 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды.
Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды. Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болды. Осы салаға қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз. 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады.
Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді.
Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде. Шаруалардың еңбегіне дән ризамыз.
Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл – қомақты қаражат.
Үкімет пен құзырлы органдардың міндеті – қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету. Қол жеткізген нәтижемен шектелуге болмайды. Қалыптасқан ахуал әлі де күрделі. Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді.
Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп. Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда.
Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Олай етпесек, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз.
Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.
Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет. Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым.
Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады.
Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн.
Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады. Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді.
Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.
Саяжай иелері де қатты алаңдап отыр. Өйткені, қазір көктемнің дәл ортасы, жұртқа қолайлы кезең. Мемлекеттік комиссия бұл мәселені қарастырды, енді оны шешу жолын айтады. Елімізде жолаушыларға арналған барлық әуе тасымалы тоқтады. Бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Дегенмен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, Үкімет 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды. Мұндай шара азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет.
Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн.
Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.
Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын.
Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды.
Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер.
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды. Сондықтан осындай уақытта ауызашардың өзін көпшілікпен бірге өткізе алмайтынымыз белгілі. Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.
Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді. Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуге тиіс. Оны халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет. Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын.
Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет. Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз.
Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс. Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын. Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек.
Бұл жөнінде Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің 24 сәуірде өткен отырысында нақты айтты. Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды. Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады. Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр.
Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз.
Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет. Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді.
Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын. Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін. Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын.
Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отыр. Сондықтан кейбір азаматтарды бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырамын. Әрине, мемлекеттік органдардың жұмысында олқылықтар бар, бірақ, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі жұмысын адал атқаруда. Кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз.
Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін! Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді. Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!
Біз біргеміз!
Пікір қалдыру