Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында шаһар басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифинг өткізді. Брифинг барысында Ерлан Тоқтарханұлы Алматы қаласының тұрғындары үшін ең өзекті болып табылатын мәселелерге тоқталды.
– Қала өміріндегі ең бір сұранысқа ие көлік бұл – әрине такси екендігі белгілі. Карантин енгізілгенге дейін такси шақыртуға күніне 10 мыңнан астам өтінім қабылданса, соңғы аптада ол күрт төмендеген. Яғни шақырту 700-ге түсіп кеткен. Осыған орай Жедел штаб ең белсенді таксилерді қызметке тартып отыр. Олардың барлығы міндетті шарттарды бұлжытпай орындаулары керек, – деді Е. Қожағапанов.
Мәселен, көліктер әрбір шақыртулардан кейін залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге және бір жолаушыдан артық алмауға міндетті. Белгілі болғандай, қаладағы карантин кезінде 2 мың такси жұмысқа тартылған екен. Брифингте қойылған сауалдың бірі арақашықтықты сақтауға байланысты болды. Мәселен, егер азық-түлік супермаркеті 1 шақырым жерде орналасса, оған 10 минут уақытта жетуге бола ма деген сауал қойылды.
– Карантин жағдайында ең қолайлысы үйіңізге жақын орналасқан дүкен немесе дәріханаға бару екені даусыз. Егер сізді жаяу патрульдер тоқтата қалса, үйіңіздің маңайында дүкеннің бар-жоғын анықтайтын болады, – деді әкімнің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, қала тұрғындарын мазалап отырған шектеу шараларын ұзартуға байланысты шешімнің қабылдануы мүмкін бе деген сауалдың да жауабы берілді.
– Жұқпалы індеттің белең алып бара жатқанын ескеріп, шектеу шараларының ұзартылуы да мүмкін. Мәселен, Италия карантин мерзімін 13 сәуірге дейін ұзартатындығын мәлімдеді, – деді шаһар басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Пікір қалдыру