Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған азамат жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысына пара ұсынған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
"23 жастағы ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша (төтенше жағдай режимін бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартпауын сұрап Абай аудандық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Нарымбетовке пара ретінде 15 000 теңге ұсынған", делінген департамент таратқан хабарламада.
Полиция қызметкері бұл жайт туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлап, полицейлер пара берушіні ақша беру үстінде ұстады.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігінде (пара беру) көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Пікір қалдыру