Ержан Бабақұмаров мектеп директорларымен кездесті

/image/2020/05/19/crop-71_8_483x644_28d9bcd6-e130-4a59-a811-d00886375e74.jpg

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполистің мемлекеттік Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин және қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевамен бірлесіп шаһардағы барлық жалпы білім беретін мектептің директорларымен кездесу өткізді. Оған 205 мемлекеттік, 61 жекеменшік мектептің директоры қатысты. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесудің басты мақсаты – оқу жылын қорытындылау дайындығын, мектеп түлектерін қорытынды аттестаттаудан өткізудегі санитарлық-эпидемиологиялық және Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізудегі талаптарды, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қабылдау дайындығын талқылау.

Бүгінгі күні Алматыда 261 мың оқушы бар. Ағымдағы жылы қалада 9299 түлек аттестат алады, олардың ішінде 8667-сі мемлекеттік мектептердің түлектері болса, 632-сі жекеменшік мектептерді бітірушілер.

Қалалық Білім басқармасының ақпаратына сәйкес:

• Білім беру ұйымдарында оқу жылы 25 мамырда аяқталады.
• 9-11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау өткізілмейді.
• Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектепті бітіргені жөніндегі аттестаттау ағымдағы бағалардың негізінде жүзеге асырылады.
• Орта білім беру ұйымдарының басшыларына электронды журналдардағы бағаларды түзеуге үзілді-кесілді тыйым салынады.
• 1-10 сынып оқушылары үшін салтанатты линейкалар қашықтан өткізіледі.
• 11-сынып бітірген түлектерге аттестат табыстау шаралары 3-4 маусым күндері кестеге сәйкес барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы өтеді.

Салтанатты линейкаларды өткізуде, елдегі және қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, төмендегідей санитарлық-эпидемиологиялық талаптар белгіленген:

• Линейкаларды тек бітіруші сыныптар үшін өткізу және оқушылардың арасындағы әлеуметтік қашықтық кемінде 2 м кем болмауы тиіс.
• Аттесттарды тек сыныптар бойынша табыстау, бұл шараға оқушыларды, олардың ата-аналары мен педагогикалық ұжым өкілдерін қосқанда шамамен 60 адамға ғана қатысуға рұқсат етіледі.
• Бір сыныптың түлектері мен екінші сыныптың түлектеріне аттестат табыстау шараларының аралығы кемінде 1 сағатты құрауы керек.
• Түлектердің отбасыларына линейкаға тек 1-2 ата-ана ғана келуіне кеңес беру.
• Түлектердің отбасыларына олардың егде жастағы аталары мен әжелеріне линейкаға келуден бас тартқаны абзал екенін айту.
• Мектептердің әкімшіліктері ата-аналар комитеттерімен, сыныптармен және педагогикалық ұжымдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
• ҰБТ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әдеттегі дәстүрлі форматта өтетін болады.

ҰБТ өткізу туралы:

• ҰБТ Алматыда 20 маусым мен 5 шілде аралығында 8 өткізу пунктінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып өткізілмек.
• ҰБТ-ға маусым айында 190 мемлекеттік және 49 жекеменшік мектеп қатысады.
• Алматы қаласы бойынша ҰБТ-ға 9047 түлек қатысады.

Кездесу барысында мектеп оқушылары үшін жазғы демалыс мәселесі қалай болатыны туралы да қаралды. Коронавирус пандемиясы мен індетті әлі де жұқтыру қаупі сақталып отырғанын ескере отырып, жиын қорытындысында Алматы қаласының мектеп оқушылары үшін қала сыртынан да, мектеп жанынан да ешқандай лагерлерді ашпау жөнінде шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта қала әкімдігі мен ҚР-ның адам құқықтары бойынша өкілі Аружан Сайынмен бірлесіп қала балаларын жаппай спорт, мәдениет және мектептен тыс қосымша білім беру іс-шараларына тарту мақсатында «жол картасы» әзірленуде.

1 маусымнан бастап Алматыда 1-сыныпқа баратын жеткіншектердің құжаттарын қабылдау басталады. Ал 15 мамырдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияларға, лицейлерге құжат қабылдау басталды. Құжаттарды онлайн-қабылдау барысының қалай өтіп жатқанын, сонымен бірге, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қабылдау емтихандарын өткізуге дайындықтары жөнінде №165 лицейдің директоры К. Ошанова, «Білім-Инновация» интернатының директоры Г. Өскенбай, Ш. Уәлиханов атындағы №12 гимназия диеркторы Ж. Бекжанова, №39 лицей басшысы Н. Мәлікова, Махамта Ганди атындағы №92 лицейдің директоры Е. Жиенбаев, №126 лицей директоры М. Төлендиев баяндады. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар