Елордада құрылыс нысандарының бірі карантинге жабылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Скрининг барысында құрылыс компаниясының инженерінен коронавирус анықталды. Алгоритмге сәйкес, құрылыс компаниясының 600-ден астам қызметкері сынақтан өтіп, 63-тен астам адамда коранавирус расталды. Олардың барлығы стационарда. Барлық аумақ дезинфекцияланды", делінген сайт таратқан ресми хабарламада.
21 мамырдағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтанда 10 нысан карантинге жабылды. Қалада барлығы 1403 КВИ жағдайы тіркеліп, 633 науқас емделіп шықты.
Әкімдіктің мобильді тобы полицейлермен және эпидемиологтармен бірлесіп күнделікті негізде нысандардың санитарлық нормаларды сақтауы бойынша рейд жүргізеді.
Осылайша, санитарлық нормаларды бұзғаны үшін елордада 25 нысан жабылды. Олардың ішінде құрылыс компаниялары, дүкендер, кафелер, мейрамханалар бар.
"Нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етпейінше ашылмайды. 150 кәсіпорынға ескерту жасалды. Қатаң ережелер коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қабылданды" делінген ақпараттық хабарламада.
Пікір қалдыру