Еуразия ұлттық университетінің ғалымы әрі оқытушысы Ерлан Сүлейменов желідегі даулы мәлімдемесінен соң жұмыстан қуылды.
28 мамырда Facebook қолданушысы Әсия Ермұхамбетова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысына тек ер адамдар қатысқаны туралы жазған. Бұл жазбаға университет оқытушысы да пікір білдірген болатын.
"Әйелдер өмір бойы өз жүктілігін зерттей алмай келеді. Қанша лайық болса, соншасы қатысып отыр" деп жазған Ерлан Сүлейменов.
Өзін исламист деп атаған ол сондай-ақ жақша ішіне "көп әйел алуды қолдаймын, әйелдерді ұрып-соғуға болады және кейде ұру да керек" деп жазған.
Оқытушының бұл сөздері желіде қызу талқыланып, ақырында ғалым жұмыстан шығарылды.
«Университет Е. Сүлейменовке қатысты тексеру жұмыстарын қорытындылады. Этика жөніндегі комиссия оның іс-әрекетін жалпыадамзаттық әдеп нормаларына сай келмейді деп бағалады. Аталған комиссия ұсынымымен Е. Сүлейменовпен еңбек келісімшартын бұзу туралы ректор бұйрығы шықты» деп жазды ЕҰУ баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру