Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифнгте МО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Жұмабаев айтты.
«Біз біргеміз, біз үйдеміз!» атты акция аясында, облыста 90-ға жуық спорт түрінен 700-ден аса бапкер өзінің жаттығу жұмыстарын онлайн режимде жалғастырған. Атап айтсақ, өңір тұрғындары арасында «Каспий патшасы» атты шахматтан жарыс, ютуб каналында онлайн режимде өткізілген. Еліміз бойынша алғаш рет бастау алған турнирге 300-ден аса адам қатысқан. Оның ішінде гроссмейстер Бибісара Асаубаева және өңірдің ең мықты деген спортшылары бақтарын сынады.
Бұдан бөлек, «отжим пати» және «присед пати» жарысына 400-ге жуық адам қатысқан. Олар өз видеосын whatsapp желісі арқылы жіберіп, құрылған комиссия әр видеоны саралап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Осы тұста карантин режимінде үйде болған әр азамат пен азаматшаның спортқа деген ынтасы артқаны байқалады.
Қазіргі таңда Ақтау қаласында салынып жатқан «Бокс» орталығының құрылысы 90% аяқталды. Жоспар бойынша тамыз айында қолданысқа берілмек. Мұнда 6 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болады. Олар: қазақ күресі, бокс, грек-рим күресі, каратэ, таеквандо және ауыр атлетика. Спорт кешеннің сыйымдылығы 20 мың м.кв, жанында 99 адамға арналған қонақ үй бар. Жүзу бассейні, баскетбол, волейбол, футбол стадиондары бар. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында бірнеше спорт нысаны жөндеуден өткізілмек. Олардың 3-еуі Ақтау қаласында, 1-еуі Жаңаөзен каласында, үшеуі Маңғыстау ауданында.
-«Қыркүйек айында біз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара облыс дәрежесінде осы жылдың ең ауқымды іс-шаралардың бірі болмақ. Облыс бойынша барлық тұрғындарды президенттік тестілеуге шақырамын. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады», деді МО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Жұмабаев.
Пікір қалдыру