Бірнеше сағат бұрын Нью-Йорк қаласы Бруклиндегі әртүрлі аудандарда үш атыс болып, жеті адам жараланған. Бұл туралы Қамшы тілшісі The New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
– Мылтықпен атыс Бейнбридж көшесінде жергілікті уақытпен 22:40 шамасында басталған, – деп жариялады полиция қызметкерлері.
Билік өкілдері 27 және 34 жастағы екі ер адамның аяғына оқ тигенін мәлімдеді. Олар Кингс Каунти ауруханасына жеткізілген және тірі қалады деп күтілуде.
Бес минуттай уақыт өткеннен кейін "35 жастағы ер адам Флатбуш даңғылында атылды" деген тағы бір хабар келіп түсті.
Ол да Кингс Каунти ауруханасына жеткізілді және аман қалады деп күтілуде.
Соңғы атыс түнгі сағат 10:50 шамасында болған. Атыстан төрт адам жаралғанған. "Бір әйел және үш ер адам Бристоль көшесіндегі атыс кезінде жарақат алған" деп мәлімдеген билік өкілдері мен куәгерлер.
– 23 жастағы әйелдің жағдайы өте ауыр, ал 17, 35 және 50 жастағы ер адамдардың барлығы өмірге қауіп төндіретін жарақат алған, – дейді полиция қызметкерлері.
Басылымның жазуынша, өткен дүйсенбіден жексенбіге дейін қалада 40 атыс дерегі және 13 кісі өлтіру оқиғасы болған.
Пікір қалдыру