Жезқазған аймақтық "Saryarqa" газетінің бас редакторы, "Сарыарқа" бастауыш партия ұйымының төрағасы Дархан Мұхан Nur Otan партиясының праймеризіне қатысатынын хабарлады. Бұл туралы ол өз Facebook парақшасында жазба қалдырды.
"Жақында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына кандидаттарды праймериз арқылы анықтайтынын жариялады Nur Otan партиясының басшылығы. Қалай болғанда да бұл дұрыс қадам. Сайлауға қатысатын кандидаттар партия ішіндегі бәсеке арқылы анықталады. Шағын құрамдағы партия органдары ешкіммен ақылдаспай тізім жасай салу деген енді болмайды.
Осы жерде "Праймериз не береді?", "Қандай артықшылықтары бар?" деген сұрақтардың жауабы да өзінен-өзі түсінікті болған сияқты.
Біріншіден, партия мүшелері сайлауға кімдер кандидат боп қатысатынын біліп қана қоймайды, оларды іріктеуге атсалысады. Бағдарламаларымен танысады, кандидаттың мүмкіндіктерін, өмір жолы мен тәжірибесін зерттей алады.
Екіншіден, праймериз кезінде кандидаттың, партияның бағдарламасын жария түрде әзірлеу мүмкіндігі туады. Праймеризге қатысқан әр азаматтың ұсыныстары болашақта партия фракциялары басшылыққа алатын негізгі құжатқа айналады.
Үшіншіден, сайлауға қатысу белсенділігіне де праймериз оң әсер етуі тиіс. Өйткені, кандидаттарды іріктеуге қатысқан адам, сайлауда өз кандидаты үшін дауыс беруге тікелей мүдделі болады ғой.
Бізде тек республика деңгейінде ғана емес, аймақтарда да өзекті мәселелер, әр салада жаңа әдіс-тәсілдерді талап ететін қиындықтар жоқ емес. Уақыт мәслихаттарға жаңа міндет артып отыр. Алдағы сайлауда жергілікті өкілдік органдардың құрамы барынша жаңаруы, оған жаңа адамдар өтуі керек деп санаймын. Мәслихат депутаты болам деген адам бұрынғыша өз кандидатурасын ұсына салмайды, филиал төрағасымен, не әкіммен жақсы қарым-қатынаста болуы да жеткіліксіз. Енді болашақ кандидаттар өз ұстанымдарын, бағдарламаларын ашық бәсекелестік жағдайында көпшілікке таныстырып, жақтастар жинауы қажет. Осы жерде Nur Otan партиясының партияға мүше емес азаматтарға да кандидат ретінде праймеризге қатысу мүмкіндігін ұсынып отырғаны қоғамның дамуы үшін оң қадам екенін атап өткен жөн. Бұл – партия да жаңаруға, қоғам үнін тыңдауға түбегейлі бет бұрды деген сөз.
Бұйыртса, праймеризге қатысып, аймақтық деңгейдегі мәселелерге байланысты дебатқа түсу, сол арқылы саяси тәжірибе жинау ойымызда. Сәтін салып, бағымыз жанып жатса оны да көрерміз. Бастысы – сырттан бақылаушы болумен шектелмей, үлкенді-кішілі мәселелерді шешуге тікелей араласу" делінген жазбада.
Пікір қалдыру