ШҚО әкімі Даниал Ахметов Алакөлге жұмыс сапарымен барып, жазғы маусымның ашылуына байланысты кәсіпкерлерге санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Бүгінгі күні Шығыс Қазақстанда коронавирустық инфекция жұқтырған 204 адам тіркелді. Мұндай жағдай Үржар ауданында да орын алды. Қазіргі күні осы ауданда 14 адам коронавирустық инфекцияға шалдыққан. Бұдан бөлек, аймақта ешқандай белгісіз себептермен ауырған 100-ге жуық жағдай тіркелді. Бұл адамдар инфекцияның таралу көзі. Соған байланысты Алакөл жағалауында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға баса назар аударылып отыр.
Мәселен, шығыс жағалаудағы серуендеу және суға түсу аймағының жалпы қолданыстағы аумағы 2 шқ. астам жерді құрайды. Онда шамамен 12 мың адам жүре алады. Ал бұл демалушылардың жаппай ауруына әкеліп соғуы мүмкін. Өткен жылы Алакөлге 700 мыңнан астам адам келді.
Сондықтан ауру жұқтыруды азайту мақсатында демалушылардан COVID-19 тестінен өткені және жұқтырмағаны жөнінде анықтама талап етіледі. Анықтаманың уақыты жарамсыз болмауы керек.
Айта кетейік, Алакөлге кіреберісте жылжымалы медициналық пункт жұмыс істейтін болады. Онда тестілеуден өтіп, анықтаманы алуға болады. Егер науқастар анықталса, Үржар аудандық ауруханасына қаралады. Қабанбай ауылында 12 инфекциялық төсек пен 2 ИВЛ аппараты бар.
– Біздің басты міндет – қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу. Сіздер коммерциялық қызығушылықтарды емес, адамдардың қауіпсіздігін ойлауларыңыз керек. Барлық нысан маусым дайын екені туралы анықтаманы алған соң ғана жұмысқа кіріседі, – деді Даниал Ахметов.
Облыстың бас санитар дәрігері Марат Исмаиловтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін бірде-бір демалыс орны туристерді қабылдап алуға дайын деген актіні алмаған.
5-9 маусым аралығында 3 мониторингтік топ 175 демалыс орнындағы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды тексерді. Қазіргі күні 72 демалыс орны санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын орындауға кірісуде. Қалған 103-і әлі дайындықты бастаған жоқ.
– 41 демалыс орнында дезинфекциялық құралдар бар. 31-де санитайзерлер орнатылған. 20-да термометрлер қойылған. Тек екі демалыс орнында ғана әлеуметтік қашықтық сақталған. Сондай-ақ 43 сауда және қызмет көрсету нысандары бақылауға алынды. Оның ішінде екі дүкен ашылды. Мониторингтің қортындысы бойынша 7 санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзушылық анықталды. Енді аталған дүкендер барлық мәселе шешілгенге дейін жұмыстарын уақытша тоқтатады, – деді Марат Исмаилов.
Жазғы маусым барысында мониторингтік топ жұмысын жалғастырады. Топ мүшелері демалыс орындарын, қоғамдық тамақтану және өзге де нысандарды жүйелі түрде тексеруді көздеп отыр. Мониторингтік штабтың құрамында белсенді демалыс орындарының иелері мен бизнесмендер болады.
Кездесу барысында бизнесмендер сұрақтарына жауап алып, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау маңызды екенін атап өтті.
– Барлық шара адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жасалады. Біз талаптарды қолдаймыз, тазалықты сақтаймыз. Алакөлдің жағалауында демалу үшін туристерге тесттен өтіп, денсаулықтарына бей жай қарамауға шақырамыз. Өйткені ең маңыздысы – қауіпсіздік, – деді «Інжу» демалыс орнының иесі Дулат Асылбеков.
Көптеген кәсіпкерлердің өтініші бойынша ШҚО әкімі бизнес нысандарын толтыру үшін жаңа ұсыныс айтты. 13-23 маусым аралығында жағалаудағы демалушылар арасында корнавирустық инфекция анықталмаса, демалыс орындарының иелеріне қонақүй нөмірлерін 75 пайызға дейін толтыруға мүмкіндік беріледі. Егер жағалаудағы жағдай тұрақты болса, барлық нысан 1 шілдеден бастап толық жұмысқа кіріседі.
Пікір қалдыру