Жастарды суицид жасауға итермелеп жүргендер ұсталды

/image/2020/06/17/crop-3_2_189x251_bez-nazvaniya.jpg

Түркістан облысында жасөспірімдерге арналған суицидтік топтың "кураторы" ұсталды. Ол интернет арқылы жастарды суицид жасауға итермелеген. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау бойынша Интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде ІІМ Криминалдық полиция және тергеу қызметкерлері кәмелетке толмаған қазақстандықтардың қатысуымен өз-өзіне қол жұмсау сипатындағы топ туралы ақпарат анықталған.

Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау бойынша оған қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау үшін ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығының және Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

"Полиция қызметкерлері әрі қарай тексеру жұмысын жүргізу барысында интернет желісіндегі ұйымдастырушының жеке-бас деректері мен мекенжайын анықтап ұстады. Ол Арыс қаласының тұрғыны болып шықты.

Тінту кезінде күдіктіден ноутбук, ұялы телефон, 3 қорап сим-картасымен және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Телефоннан суицидке бағытталған телеграм арналары табылды" делінген ақпараттық хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған жайт адам өлтіруге оқталу бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынған.

– Полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын тексеруде. Сондай-ақ жасөспірімдерді осындай өлімге әкелетін ойындарға қатыстыруы мүмкін адамдарды және арна қатысушыларының өздерін де анықтау үстінде, – деп атап өтті ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев.

ІІМ ата-аналарды балалардың виртуалды өміріне бақылауды күшейтуге шақырады. Және шұғыл қажетті шаралар қабылданатын осыған ұқсас жайттар орын алса, тез арада полицияға хабарлауды сұрайды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар