Маман коронавирус жұқтырғанда қандай дәрілерді ішу керегін айтты

/image/2020/06/17/crop-10_5_436x774_photo_324530.jpeg

Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова тұрғын COVID-19 вирусын жұқтырса, не істеу керегін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Коронавирусты анықтауға тест тапсырып, ол оң нәтиже көрсетсе сіздерге не істеу керегін айтайын. Біріншіден, үйден шықпаңыздар, оқшауланыңыздар. Маска тағыңыздар. Екіншіден, күніне 3 рет термометрия жүргізіңіздер. Үшіншіден, жеке бастың тазалығын сақтаңыздар. Төртіншіден, сіз тамақ ішетін ыдыстар жеке болуы керек. Бөлмені желдетіп отырыңыздар", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Сәуле Қисықова дене температурасы көтерілсе, қандай дәрі ішу керегін түсіндірді.

"Дене қызуы 38 градустан жоғары болса, 500 миллиграмм мөлшерінде парацетамол және күніне 1 рет аспирин ішіңіз. Оның дозасы 150 миллиграмм болуы керек. Сонымен қатар, қанды сұйылту үшін таблетка түріндегі Тромбо АСС, кардиомагнил сияқты дәрілерді ішуі керек", - деді ол.

Басшы коронавирус инфекциясы кезінде дене қызуы 3-5 күн бойы көтерілетінін жеткізді. Ол мұндай жағдайда үйде емделмеу керегін айтты.

"Мұндай жағдайда жедел жәрдем қызметінің немесе поликлинкалардың call-орталығына хабарласу керек", - деді Сәуле Қисықова.

Айта кетейік, осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы елордада эпидемиологиялық ахуал нашарлағанын хабарлаған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда індет жұқтырғандар саны 15 552-ге жетті. 2 647 адам аурудан жазылды, 88 науқас көз жұмды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар