«Халық алғысы» медалімен 11 шығысқазақстандық марапатталды

/image/2020/06/24/crop-105_124_576x1024_whatsapp-image-2020-06-23-at-21.49.55.jpeg

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Biz birgemiz атты волонтерлердің онлайн форумында пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Шығыс Қазақстанның тұрғындарына құрмет көрсетілді.

ШҚО-да «Халық алғысы» медалінің иегерлерін облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады. Марапат алғандардың ішінде «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік сұрақтар бойынша атқарушы директоры Андрей Лазарев те бар. Оның ықпалымен Ана мен бала орталығында, онкология және хирургия орталығында, Өскемендегі 1 қалалық ауруханадағы медицина қызметкерлеріне азық-түліктер мен теледидарлар тарту етілді. Сонымен қатар Риддердегі қалалық ауруханадағы пульмонологиялық бөлімшеге қажетті құрал-жабдықтарды алуға 50 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ «Парыз» қоры жалпы құны 500 млн.теңгені құрайтын жедел тесттер алып берді. Естеріңізге сала кетейік,аталмыш компания Birgemiz қоғамдық қорына қазақстандықтарды COVID-19 пандемиясынан қорғау мақсатында 10 млн доллар аударды.

Көмекке мұқтаж адамдарға Көкпекті аудандық мәслихатының депутаты, «Мұқаш» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұржихан Абдрахманов қолдау көрсетті. ТЖ кезінде ол аудандағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 720 мың теңге көлемінде көмек берді.

– Марапаттау рәсімі ерекше болды. Осындай қиын сәтте бірлігімізді таныта білдік. Біз пандемияны бірге жеңеміз, – деді Нұржихан Абдрахманов.

Қиын сәтте әлеуметтік осал топқа жататын 37975 шығысқазақстандыққа 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Мұның бәрі Нұржан Түсіповтің жетекшілігімен жұмыс істеп тұрған Birgemiz Shygys қоғамдық қорының қызметкерлері мен волонтерлерінің арқасы.

Lider.kz Semey волонтерлік қозғалысының жетекшісі Евгения Павел да марапаттан да кенде қалған жоқ. Ол Семейдегі волонтерлердің жұмысын ұйымдастырып, бірінші кезекте көмекке мұқтаж 300 отбасыға қол ұшын берді. Сондай-ақ ТЖ кезінде Өскемен мен Семейдегі 15 блок бекеттегі жұмысты бақылауда ұстаған Полиция департаментінің патрульдік полиция бөлімшесі қызметінің инспекторы Тілек Дүрмекбаевқа құрмет көрсетілді. Бұдан бөлек Семейдегі «ШҚ РЭК» АҚ электр жүйелерінің шебері Бейбіт Көпжасаровтың да еңбегі еленді. Ол басқарған бригада ТЖ кезінде Семей халқы мен 8 блок бекетті электр желілерімен қамтамасыз етіп отырды.

Шемонайха ауданындағы «Санаторий «Уба» мекемесінің бас аспазы Наталья Колмагорова марапатталды. Ол стационарда жатқан адамдарды сапалы аспен тамақтандырды. Сонымен қатар «Астана» республикалық телеарнасының меншікті тілшісі Ирина Якунина осы құрметке лайық деп танылды.

Семейдегі 36803 әскери бөлімінің сержанты Архат Ермұхамедов те көзге түсті. Ол ТЖ кезінде серіктесімен бірге Семей тұрғындарының қауіпсіздігін қадағалап, патрульдік-постқа жауапты тұлға ретінде тағайындалды. 18 сәуір күні Архат Ермұхамедов қылмыскерді ұстады. 20 сәуірде іздеуде жүрген ұрыны қолға түсірді.

– Қазір 24/7 режимінде жұмыс істейміз. Көптеген дәрігерлер коронавирус жұқтырып алды. Соған қарамастан біз COVID-19 пандемиясы туралы барлық азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде жағдай тұрақталып келеді, – деді «Халық алғысы» медалінің иегері, ШҚО-ның бас пульмонологы Зағрипа Абдиева.

Семейдегі жедел жәрдем стансасының фельдшері Сергей Онников эвакуациялық бригада құрамында еңбек етуде. Ол жағдайдың қиындығына қарамастан әріптестерімен бірге COVID-19 шалдығуы мүмкін және жұқтырды деген науқастармен жұмыс істеді.

ШҚО ақпарат орталығы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар