Америкаға жете алмаған студенттер наразылыққа шықты

/image/2020/06/27/crop-0_1_438x584_6729e4b5-9057-4a5f-b15d-9c49de7952fb.jpeg

Әлеуметтік желіде бірнеше адам Work and travel бағдарламасымен "АҚШ-қа апарамыз" деп сендірген Нұр-Сұлтан қаласындағы Corvette Center ЖШС-дан ақшаларын қайтара алмай жүргенін жазуда. Қамшы тілшісі "компания қаржымыздың қомақты бөлігін қайтарғысы келмей отыр" деген екі жәбірленушімен сөйлесті.

Нұр-сұлтандық Мая Қуанышова мен Айжан Әбжанқызы компаниямен келісім-шартқа отырған. Ол бойынша компания қыздарды АҚШ-қа апарып, сол жақтан 3 айға жұмыс тауып беруге міндеттелген. Орталық көрсетілетін қызмет үшін ақшаны алдын ала алған. Алайда түрлі сылтау айтып виза уақытын кешіктірген. Артынша пандемияның кедергі болып жатқанын хабарлап, 22 маусымда бағдарламаның мүлде болмайтынын, ақшаларының басым бөлігінің қайтпайтынын мәлімдеген. Соңғы бірнеше күннен бері компания өкілдерімен байланысу мүмкін болмай тұр.

Мая Қуанышова қаражатын қайтару үшін "ақырына дейін барам" деп отыр.

– Алғашқыда орталыққа визаға деп 150 мың теңге төледім. Кейіннен тағы 1575 доллар (632 378 теңге) төлеуімді сұрады. Төледім. Жалпы аталған орталыққа 800 мың теңге көлемінде ақша бердім. Компаниямен жасалған келісімшарт бойынша біз АҚШ-та 25 мамырдан қыркүйек айы аралығында болуымыз керек еді. Алайда орталық басшылары виза дайын болмай жатқанын айтып, күтуімді сұрады. Пандемияға байланысты Америкаға сапарымыз тағы кейінге қалды. Енді міне, 22 маусымда бағдарламаның мүлде болмайтынын, берген қаражатымыздың 200 мың теңгесі ғана қайтатынын айтып отыр. Осы бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатын басқа агенттіктер студенттерге ақшаларын əділетті түрде қайтарып жатыр. Ал Corvette Center пандемияны біздің есебімізден өз пайдасына шешкісі келеді. Студенттер "Work and travel" бағдарламасын саяхат қана емес, жақсы табыс көзі деп біледі. Сондықтан Америкаға бару үшін жұмыс істеп, несие алып қаражат жинайды. Шыққан шығынды сол жақта ақтап аламыз деп үміттенеді. Енді оларға арманына жетпек түгілі, берген қаржысын қайтару мұң болып тұр.

Қолымда компаниямен жасасқан келісімшарт, құжаттарым толық бар. Заңгерлер заң біздің жақта деп отыр. Мен мұны осылай қалдырып қоймаймын. Сотқа дейін барсақ та əділдікке жеткіміз келеді, – деді Мая Қуанышова Қамшы тілшісіне.

Ақшасын қайтара алмай жүргендердің бірі Айжан Әбжанқызы "мекеме 600 мың теңгеге жуық ақшаны ұстап қалу арқылы, өз пайдасын ойлап отыр" дейді.

– Мен 2019 жылдың 26 тамызында агенттікпен келісімшартқа қол қойдым. АҚШ-та жұмыс жасау үшін 5 этапты төлем жасау қажет. Әр этапта қаражат салып отырдық. Пандемия болмағанда осы этаптардан кейін Америкаға кетуіміз қажет еді. Алайда наурызда карантин енгізіліп, сапарымыз кейінге шегерілді. Біз құжаттарымызды кері алмай, шекараның ашылуын күттік. Егер біз бағдарламаға қатысудан өз еркімізбен бас тартсақ, компания 785 долларға дейін ұстап қалатынын мәлімдеді. Бірақ оның бізге тиімсіз екенін айтып, соңына дейін күтуге көндірді. Осылайша кешеге дейін күттік. 22 маусымда бағдарламаның болмайтынын хабарлады. Сөздерінше, Трамп ешқандай визаға рұқсат бермей жатыр екен. Жеке өзім компанияға 800 мың теңгеге жуық ақша бердім. Енді агенттік сол "800 мыңның 200 000 мың теңгесін ғана қайтарамыз" дейді. Осылайша олар әр студенттен 600 мың теңгеден ұстап қалмақшы. Осы қызметті ұсынатын басқа агенттіктер салынған ақшаны әділ қайтарып жатыр. Ал бізге "200 мың теңгені қайтарып ала аласыздар" деп бүгін ғана шешім көрсетілген хат жіберіп отыр. Біз бұған келіспейміз, – дейді Айжан Әбжанқызы.

Қамшы тілшісі Corvette Center компаниясының әлеуметтік желілердегі парақшасында жазылған телефондарға хабарласқанында, тұтқаны ешкім көтермеді.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар