Былтыр Қазақстанда 54 797 ажырасу дерегі тіркелген. Ажырасқан қыз-келіншектердің кейбірі "Ана үйінен" пана табады. Бүгінде 18 қалада 21 "Ана үйі" кризистік орталығы жұмыс істеп тұр. Солардың бірі – Шымкенттегі орталық. Мекемеде 13 жастан 30 жасқа дейінгі аналар қабылданады.
"Ана үйі" қоғамдық қоры 2013 жылы ашылған. Бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Құрылтайшысы "BI Group" холдингінің басшысы – Айдын Рахимбаев.
Шымкенттегі орталық 2013 жылғы желтоқсаннан бері жұмыс істейді. "Ана үйінің" үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызының сөзінше, бүгінде орталықта 10 шақты қызға көмек көрсетіліп жатыр.
– Мекеме өз қамқорлығына бір баласымен жалғыз қалған немесе барар жері жоқ жүкті аналарға көмек қолын созады. Кейде орталыққа 2-3 баласы бар аналар да жүгініп жатады. Алайда біз ондай келіншектерді қабылдай алмаймыз. Мүмкіндігінше басқа орталықтардың нөмірін беріп, көмектесуге тырысамыз. "Ана үйінде" тұру уақыты – 6 ай. Жылына орташа есеппен 50-ге тарта келіншек көмек сұрап хабарласады. Олардың дені – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар, алданып жүкті болып қалғандар, жүктілігін ата-анасына айта алмай барар жер таба алмағандар, баспанасы жоқтар мен баласынан бас тартқысы келетіндер. Ал орталықтың басты міндеті – ананың сәбиін аман-есен дүниеге алып келуіне жағдай жасау. Орталық қаладағы барлық ауруханалармен тығыз байланыс орнатқан. Егер де ана баласынан бас тартса, сол мезетте мән-жайды анықтап, анамен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Осы уақытқа дейін Шымкент бойынша 235 анаға көмек бердік, – дейді ол.
Мекеме басшысы "біздің қазақ "ұят болады" деп өз баласын ойламай, аналар үйін паналатады" деп санайды.
– Біз әр жұмыстан нәтиже күтеміз. Ата-анасымен табыстырамыз немесе күйеуімен қайта қосылуына ықпал жасаймыз. Біздің қазақ "ұят болады" деп өз баласын ойламай, ел-жұрттың ойын бірінші орынға қояды. Басында бізге келгенде қыздар ешкіммен сөйлескісі келмей, тұйықталып, біраз уақыт күйзелісте болады. Кейіннен арнайы мамандар жеке жұмыс істеп, өмірге деген құлшынысын арттырамыз. Психолог әр қызбен жеке жұмыс істейді. Тіпті қиын аналармен 2 айдан аса жұмыс істеген кездер болды. Орталықта аналарға бар мүмкіндікті жасауға тырысамыз. Оларды жұмысқа орналастырамыз, іс тәжірибеден өтуге көмектесеміз, баспана, азық-түлік, балаға қажетті заттар сынды керек-жарақпен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар балаларының құжаттарын реттіп, балабақшаға орналасуына да көмектесміз, – деп атап өтті.
"БАЛАЛЫҚПЕН АЛДАНЫП, 17 ЖАСЫМДА ТҰРМЫС ҚҰРДЫМ"
Орталықта тұрып жатқан аналардың бірі балалықпен алданып қалғанын айтады.
– Аты-жөнім – Лейла Ахметова. Жасым 23-те. Сарыағаш қаласының тумасымын. Шаштаразбын. Екі рет тұрмыста болдым. Балалықпен алданып, 11-сынып оқып жүргенімде, небәрі 17 жасымда тұрмыс құрдым. Бірінші күйеуіммен бір жарым жыл бірге тұрдым. Арамызда бір қыз бар. Ажырасуыма күйеуімнің бірнеше рет қол көтеруі итермеледі. Мұндай іс бірнеше рет қайталанып, денсаулығыма кері әсерін тигізе бастады. Мұны білген ата-анам үйге алып кетіп, кішкентай бөбегімді қолдарына алып асырады. Ал мен жұмысқа шығып, әрі қарай өмірімді жақсы жаққа бұруға тырыстым. Ажырасқаннан кейін 3 жылдай жүріп, екінші күйеуіммен бір жарым айдай таныс болып, отау құрдық. Ол да ажырасқан, алғашқы некесінен бір баласы бар. Маған оның түрі, не қаржылық жағдайы маңызды болмады, Ол ата-анасын қатты сыйлайтын. Анасын сыйлаған адам, жарына да сыйластық танытады деп ойладым. Осылайша тұрмыс құрып, 2 айдай тату-тәтті өмір сүрдік. Бірақ қалай екі ай өтті, оның бірінші некесіндегі әйелі арамызға түсіп, ақыры айырып тынды. Күйеуіммен ұрысып, мәмілеге келе алмаған кез болмапты. Тек ойда жоқта "Лейла ажырасайық, мен сенімен әрі қарай өмір сүргім келмейді, менің өмірге деген ешқандай құштарлығым қалмады, болашаққа деген мақсатым жоқ, жүрегім тыныш емес" деп ажырасуға ұсыныс жасады, – дейді келіншек.
Ахметова ажырасар сәтте жүкті болғанын, бұрынғы күйеуі баланы алдыртқысы келгенін айтты.
– Күйеуім стрессте жүріп, дүниеге дені сау бала әкелмейсің, маған да, саған да мүгедек бала қажет емес" деп баланы алдыртуға тырысты. Мен келіспедім. Осы уақытта әкем мені қабылдамай қойды. Амалсыз аналар үйін паналуыма тура келді. 2019 жылдың қаңтар айында, жүктілігіме 8 ай болғанда көшіп келдім. Мұнда барлық жағдай жасалған, оның үстіне жанымдағы қыздар да өте жақсы. Аналар үйінде тұрақтағаныма 6 ай болып қалды. Көп ұзамай бұл жерден де қоныс аударуым қажет. Енді әрі қарай күнімді өзім көріп, жалдамалы пәтерде тұру жоспарда бар. Анам, бауырларым аман болсын. Олар маған үнемі көмектесіп, қолдау көрсетеді. Анам үйге келіп тұруға шақырды. Бірақ мен әкемнен бата алмаймын. Бұрынғы күйеуім іздеген де, хабарласқан да емес, – дейді Лейла.
Келіншек жас, албырт кезде үлкендердің ақылын тыңдау керек екен деп санайды.
– Мен өткен өміріме ешқашан өкінбеймін. Бірақ үнемі маза бермейтін бір ой бар. Алғашқы некемді сақтап қалуға мүмкіндігімді жіберіп алғаныма қынжыламын. Бірінші күйеуім кешірім сұрап, алдыма келген болатын. Бірақ мен ол уақытта оны кешіре алмадым. Егер де оны кешіргенімде балаларым толыққанды отбасында өсер ме еді деп те ойланамын. Қазір екі баламның әкелеріне алимент төлеуді талап етпеймін. Өйткені олар болашақта өздерінің берген ақшасын міндетсінеді деп ойлаймын. Сәтсіз бола ма деп үшінші рет тұрмыс құруға қорқамын. Оның үстіне әзірше дайын емеспін, ол үшін уақыт керек. Бірақ өз адамым табылып жатса, әрі қарай өмірімді мәнді де мағыналы өткізгім келеді. Тұрмысқа шығайын деп жоспарлап жүрген қыздар қауымына айтарым – ата-анасының сөздеріне құлақ түріп, айтқан ақылынан аттап өтпесе деймін. Мүмкін сіз жақсы көріп, ұнатып тұрарсыз, бірақ ол уақытша екенін ұмытпаңыз. Өйткені өзім әкемнің айтқанын тыңдамай, үлкен өмірге ойланбастан балалықпен қадам жасадым. Әр қыз баласы тұрмысқа шығатын адамын біліп, зерттеп, әбден танып алса деймін. Ал, тұрмыста жүрген қыздарға айтарым, ұсақ-түйекке бола ұрыспай, қолда бар алтынның қадірін білген жөн. Ажырасқан адамның барлығы бірдей керемет өмір сүрмейді. Мүмкін сіз өз билігім өз қолымда болады деп ойларсыз, бірақ бұл – қате пікір. Бала толыққанды отбасында өсуі қажет, – деп сөзін түйіндеді.
"ЕКІ ТАРАП ТА МӘСЕЛЕГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАЙДЫ"
Психолог Аида Тұрғазы "ерлі-зайыптылардың жиі ажырасуы – сауатсыздықтан" деген пікірде.
– Көбіне қыз бала өзін-өзі бағаламайды, өзінің деңгейін білмейді. Ал ер азаматтар өзінің жасаған әрекетіне жауапкершілікпен қарамай, немқұрайлық танытады. Екі тарап та мәселеге жеңіл қарайды. Некесіз баланы дүниеге әкелудің негізгі себебі – өздеріне берілген әлеуметтік статусты жете түсінбеу, өздерін әйел мен күйеу деңгейінде елестете алмау. Ал жас қыздардың "Аналар үйін" паналауына белгілі бір дәрежеде отбасы да кінәлі. Ата-аналар "ұят" дегеннен аса алмай, осындай жағдайдың алдын алмайды. Жас қыздар ата-анасына ойын айта алмайды. Екеуара диалог жоқ. Амалсыз орталыққа жүгінеді. Өз тәжірибиемнен айтар болсам, 2017 жылы қалалық студенттер емханасында жұмыс істеп жүрген кезде бір қыз бала бар еді. Оның аяғы ауыр болып, бірақ кімнен екенін ешкімге айтқысы келмейтін. Жігіті "ол менің балам емес" деп жауапкершіліктен жалтарды. Қыздың ата-анасы "бұл бала бізге керек емес, жұрттан ұят" деген позициямен өз қызын "Ана мен бала" үйіне орналастырып, сонда босандырды. Бізде осындай мәселелерге келген кезде ата-ана алдын алу шараларымен күреспей, жұрттың ойы үшін күреседі. Бұл – өте қате пікір. Қандай жағдай болмасын әр ата-ана қызына қолдау білдіруі қажет, – дейді психолог.
"БІЛІМІ БАР АДАМ ӨЗІН-ӨЗІ СҮЙРЕП, КҮНІН КӨРЕДІ"
Журналист, феминист Перизат Мырзахмет отбасылық жанжалда қызды ғана кінәлі ету әдеті қалмай келе жатқанын айтты.
– Қазір қоғам кез келген нәрседе әйелді кінәлауға үйреніп алған. Күйеулерімен немесе енелерімен сыйыспай, баласын алып үйден кеткен қыздар бар жауапкершілікті өзіне алады. Жалпы отбасылық жанжалда екі тарап та кінәлі екенін ұмытпаған абзал. Ал оны татуластырып, бір мәмілеге келтіре алмаған үшінші тарап та кінәлі. Негізі байқап қарасаңыз, бізде "ауылда тұра алмаймын, сүйем-сүймеймін, бала табамын-таппаймын" деген сияқты бүкіл проблема үйленгеннен кейін шығады. Бұлардың бәрі үйленгенге дейін шешілуі қажет дүние. Басында екеуара бір-бірінің қалауын, талабын, сұранысын қабылдап алуы қажет, – деп атап өтті журналист.
Перизат Мырзахмет жастар біреуді паналамас үшін білімді болуы керек деп санайды.
– Біздің қоғам өкінішке қарай "барған жеріңе тастай батып, судай сің", "қайтып келме" сынды пікірді миларына қалыптастырып алған. Бұл – қате пікір. Әрине мен аналар үйінің болғанын қаламас едім, ол да бір жетімдер үйі, қарттар үйі сияқты ғой. Жалпы аналар үйін қыздарымыз паналамас үшін – ойланып әрекет жасау қажет, ал оған білім керек. Бізде өздеріне сенбей, үнемі біреуден көмек күтіп, біреуді паналауға ұмтылып тұратын қыз-жігіттер көп. Ал білімі бар адам ешкімді де паналамайды. Өзін-өзі сүйреп, күнін көреді. Біреуді паналау – таза сауатсыздық, таза надандықтан шығып отыр, – дейді журналист.
Пікір қалдыру