Жамбыл облысы Жуалы ауданы орталық ауруханасына қарасты емхана қызметкері Фарида Жанбатырова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.
Фарида Қанатбекқызы карантин кезінде індеттің алдын алу шараларына байланысты бірінші бекетте рентген лаборант болып жұмыс істеген. Оның сөзінше, басшылар үкіметтен берілген қаржыны қайтаруын талап еткен.
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа!
Мен Жанбатырова Фарида Қанатбекқызы 1995 жылдан бастап Жуалы ауданы орталық ауруханасына қарасты емханада рентген лаборант болып қызмет атқарамын. 2020 жылдың сәуір айынан бастап ауруханаға кіреберіс жердегі бірінші бекетте таңғы сағат 07:30-дан кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істедім. Сәуір айында есепшотымызға айлығымызға қосымша ретінде үкіметтен 160 мың теңге түсті. Оған көп-көп рақмет айтамын. Енді біздің емхана басшылары осы 160 мың теңгенің 39 мың теңгесін қайтаруымызды талап етті. Неге деп сұрағанымда "Жоғарыдағы басшылардың талабы, соларға қайтарып береміз" деді. Бекетте отырған барлық қызметкерден ақшаны толық жинап алды. Менде сол ақшаны өз қолыммен апарып беруге мәжбүр болдым" делінген видеоүндеуде.
Мәселе бойынша Қамшы тілшісі Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанында, басқармадағылар ешқандай ақпарат бере алмайтынын, аталған дерек бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасымен бірігіп арнайы комиссия құрылғанынын айтты. Оқиғаның мән-жайы комиссия тексерісінің қорытындысы бойынша мәлімделетінін жеткізді.
Пікір қалдыру